Accessibility links

БЖЗҚ кезек себебін түсіндірді


Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Алматыдағы бөлімшелерінде жұртты ұзақ-сонар кезекте тұруға мәжбүр еткен оқиға жайлы түсініктеме берді. БЖЗҚ басқарма төрайымының орынбасары Р.С.Ерденаев Азаттық радиосына жолдаған жауабында мұның себебін операциялық залдарына түскен жүктеменің артып кетуімен байланыстырады.

«Қазір жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін БЖЗҚ-ға қабылдау-өткізу шарасы жүргізіліп жатыр. Екі жарым ай уақыт ішінде, яғни 2013 жылғы 11 қазаннан бастап 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін «Республика» ЖЗҚ» АҚ, «Отан» АЖЗҚ» АҚ, «Капитал» ЖЗҚ» АҚ, «Атамекен» ЖЗҚ» АҚ салымшыларының (алушыларының) зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға бекітілген кестеге сай өткізілді» дейді қор басшысы.

Қор өкілінің жазуынша, 2014 жылғы 6 қаңтарда «Астана» ЖЗҚ» АҚ зейнетақы активтерін қабылдау-өткізу шарасы басталып, осы кезеңде БЖЗҚ-ның операциялық залдары нормативтік-құқықтық актілерге сай өз жұмысын тоқтатқан. «Қазір БЖЗҚ офистері күшейтілген тәртіпте, яғни сағат 8.00-ден бастап 20.00-ге дейін, сенбі күні сағат 13.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр. Алматы қаласында 8 бөлімше жұмыс істейді, олар күніне 1600 адамға дейін қабылдап, қызмет көрсетеді» дейді қор.

Азаттық БЖЗҚ салымшылары жаңа жыл басталғалы бері қордың Алматыдағы бөлімшелерінде қызмет көрсету сапасы нашарлап кеткені туралы шағымдана бастағаны жайлы, кейбір салымшылар бірнеше күн бойы сағаттап күтсе де тиісті құжатқа қол жеткізе алмай жүргені туралы жазған еді.

Қазақстанда БЖЗҚ құру туралы ұсынысты 2013 жылы қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаев жасаған. Былтыр шілдеде Қазақстан үкіметі елдегі жинақтаушы зейнетақы қорларын біріктіріп, БЖЗҚ құру туралы қаулысы шықты. Жаңа біртұтас қор 1997 жылы жұмысын бастаған Қазақстан мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры негізінде құрылды. Үкімет қаулысына сәйкес, елдегі жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері мен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша міндеттемелері БЖЗҚ-ға берілетін болды.

2013 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша Қазақстан мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының 4 миллион 156 мыңнан астам салымшысы бар.
XS
SM
MD
LG