Accessibility links

Актриса Франция президентімен "байланысын" жазған журналды сотқа берді


Франция президенті Франсуа Олланд пен актриса Жюли Гайе.

Франция президенті Франсуа Олланд пен актриса Жюли Гайе.

Актриса Жюли Гайе өткен аптада Франция президенті Франсуа Олландпен жақын байланысы туралы ақпарат жариялаған франциялық Closer журналын сотқа берді.

Бұл туралы 16 қаңтар күні L'Express басылымы жазды. Гайе Олландпен қарым-қатынасы туралы ақпаратты "жеке өміріне қол сұғу" деп бағалап, журналдан өтемақы ретінде 50 мың еуро талап еткен.

Closer журналының редакциясы шағым түскенін растағанымен, қандай да бір түсінік беруден бас тартқан.

14 қаңтар күні Елисей сарайында өткен баспасөз жиынында Олланд Closer-де жарияланған материалға қатысты наразылығын айтты. Бірақ ол журналды сотқа беру ойы жоқ екенін мәлімдеді.

Ал журнал редакциясы 17 қаңтар күнгі жаңа санында Олланд пен Гайенің қарым-қатынасына қатысты жаңа мәліметтер мен фотосуреттер жарияланатынын хабарлады.

Өткен аптада Closer журналының сайтында 59 жастағы Франсуа Олландтың 41 жастағы актриса Жюли Гайенің "жасырын байланысы" туралы мақала жарияланған еді. Онда Жаңа жыл мерекесі күні президенттің "мопедке мініп, бетін каскамен жауып алып, актрисаның үйіне барғаны және соңғы күндері актрисаның үйіне қонып жүргені" айтылады.

Closer журналы Жюли Гайенің адвокатының талабы бойынша сайтынан аталған мақаланы алып тастады.
XS
SM
MD
LG