Accessibility links

Құқық қорғаушылар Украина парламенті мақұлдаған заң жобасын сынады


Украина премьер-министрі Николай Азаров парламент депутаттарымен амандасып тұр. (Көрнекі сурет)

Украина премьер-министрі Николай Азаров парламент депутаттарымен амандасып тұр. (Көрнекі сурет)

Украина құқық қорғаушылары парламентті "азаматтық қоғамға қарсы соғыс жариялады" деп айыптады.

16 қаңтар күні Украина парламенті демонстрацияларға шектеу қойып, депутаттарды жазалайтын, сөз бостандығына тосқауыл қоятын жаңа заң жобасын мақұлдаған еді. Заң жобасына Украина президенті Виктор Янукович қол қойса, күшіне енеді.

Заң жобасына қарсы мәлімдемеге Украина Хельсинкий тобының жетекшісі Микола Козырев, осы ұйымның атқарушы директоры Аркадий Бушченко және Харьков құқық қорғау ұйымының директоры Евгений Захаров қол қойған.

Заң жобасы билікке шерулерді шектеуге, депутаттарды жазалауға құқық береді, жала жабуға қылмыстық жауапкершілікті бекітіп, шенеуніктерді қорғайды.

Заң жобасын мақұлдаған Украина парламентінде қазір көпшілік орынды президент Виктор Януковичтің "Аймақтар партиясы" иеленіп отыр.

Украина парламентінің адам құқықтарын шектейтін бұл заң жобасын мақұлдауына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), АҚШ мемлекеттік департаменті, Еуропа Одағы өкілдері алаңдаушылық білдірді.
XS
SM
MD
LG