Accessibility links

Обама: АҚШ барлаушылары жеке өмірді аңдымайды


АҚШ президенті Барак Обама әділет министрлігінде сөйлеп тұр. Вашингтон, 17 қаңтар 2014 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама әділет министрлігінде сөйлеп тұр. Вашингтон, 17 қаңтар 2014 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама 17 қаңтар күні әділет министрлігінде сөз сөйлеп, "Азаматтардың жеке өмір құпиясын қорғауға, үкіметтің электрондық тыңшылық бағдарламасына өзгертулер енгізуге" уәде берді.

Мұнымен қатар, Обама барлау жұмыстарының ел қауіпсіздігі үшін маңызды екенін де атап өтті.

Обама "АҚШ барлау қызметінің тиімді болғаны үшін ешкімнен кешірім сұрамайтынын" айта келіп, "дос әрі одақтас" мемлекет басшыларының телефон әңгімелері тыңдалмайтынын мәлімдеген.

Обама "Біз ынтымақтаса жұмыс істеп отырған мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларын шынайы әріптес ретінде құрметтейміз" деді.

Ол "АҚШ барлау қызметінің әлемнің барлық түкпірінен түрлі елдердің жоспарлары туралы ақпараттарды жинай беретінін" айтты. Бірақ Обама "жеке азаматтарға қатысты мәліметтер жиналмайды" дейді.

Обама "Қытайда аңду бағдарламаларын ешкім ашық талқыламайтынын, Ресейдің басқа аймақтардағы азаматтардың жеке өмірінің құпиялылығын ескеретінін" айтқан. Ол "Бұл әрекеттер басқа елдерде қалай жасалса, бізде де солай жасалады" дейді.

Президент АҚШ-тағы кейінгі уақытта басталған азаматтардың жеке өмірінің құпия болуы қажеттігі туралы пікірталастың керек екенін айтқан. Ол "Әлем өзгеріп, интернет пен жаһандану құбылысының пайда болуына байланысты тыңшылық тәсілдерінің де өзгергенін" ескерткен.

Бұған дейін АҚШ барлау қызметтерін бақылайтын арнайы сот пен Нью-Йорк соты электрондық тыңшылық бағдарламасының мерзімін созуға рұқсат еткен еді. Электронды аңду бағдарламасының бар екенін АҚШ барлау қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден жариялаған еді.
XS
SM
MD
LG