Accessibility links

Киевте шерушілер мен милиция қарсылығы басылмай тұр


Демонстранттар мен полицияның қарсылығы. Киев, 21 қаңтар 2014 жыл.

Демонстранттар мен полицияның қарсылығы. Киев, 21 қаңтар 2014 жыл.

Киевте демонстранттар мен милиция жасақтары арасындағы қарсылық жалғасып жатыр.

21 қаңтарға қараған түні Грушевский көшесіндегі шерушілер баррикадаларын бұзуға әрекет еткен "Беркут" арнайы милиция жасағы қарсылыққа тап болып, кері шегінген. Милиция жасағы демонстранттар тұрғызған тас ататын құралды да қиратты.

Милиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ, пиротехникалық граната қолданған. Демонстранттар милицияның темір қоршауларына тас пен жанармай құйылған бөтелкелер лақтырды.

"Динамо" стадионында милицияның бірнеше автобусы өртеніп, стадионның айналасы түтіндеп жатыр.

Елде жиын өткізуді шектейтін заңның қабылдануына қарсылық білдіріп 19- 20 қаңтарда көшеге наразылыққа шыққан мыңдаған демонстрант милициямен қақтығысып, салдарынан екі жақтан 200-ге жуық адам зардап шеккен.

20 қаңтар күні кешке Украинадағы саяси дағдарысты реттеу келіссөздерінің басталғаны хабарланған. Билікті қолдаушы "Аймақтар партиясының" депутаты Анна Германның айтуынша, кездесу Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Андрей Клюевтің кеңсесінде өткен.

Оппозиция елдегі саяси дағдарыстан шығу жолдарын талқылау үшін президент Виктор Януковичпен кездесуді талап етіп жатыр.

"УДАР" оппозициялық партиясының жетекшісі Виталий Кличконың айтуынша, президент қатыспаса, келіссөздердің мәні болмайды. Ал "Свобода" партиясының жетекшісі Олег Тягнибок парламент 16 қаңтарда қабылдаған даулы заңдар жойылмайынша, билік өкілдерімен қандай да бір диалог орнатпайтынын мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG