Accessibility links

Хорватия бұрынғы барлау басшысын Германияға бермек


Хорватия барлау қызметінің бұрынғы басшысы Иосиф Перкович (сол жақта) өзін экстрадициялау туралы сот шешімінен соң журналистермен сөйлесуден бас тартып тұр. Загреб, 8 қаңтар 2014 жыл.

Хорватия барлау қызметінің бұрынғы басшысы Иосиф Перкович (сол жақта) өзін экстрадициялау туралы сот шешімінен соң журналистермен сөйлесуден бас тартып тұр. Загреб, 8 қаңтар 2014 жыл.

Хорватияның жоғарғы соты елдің арнайы қызметінің бұрынғы басшысы, кісі өліміне қатысты айыпталған Иосип Перковичтің өзін Германияға экстрадицияламау туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Сот шешімі бойынша, хорват барлау қызметінің бұрынғы басшысы осы айдың аяғына дейін Германияға берілуі тиіс.

Перкович 1983 жылы Германияда көз жұмған югославиялық диссидент Степан Джуркевичтің өліміне айыпты деп танылып отыр. Неміс тергеушілерінің ұйғарымынша, диссидент хорват арнайы қызметінің нұсқауымен өлтірілген.

Перкович 1980 жылдары югослав барлау қызметінің агенті болған. 1990 жылдары Югославия ыдыраған соң ол хорват барлау қызметін құруға көмектескен.

Хорватия әуелде мұндай қылмыскерді экстрадициялауға тыйым салатын заңға сүйеніп, Перковичті Германия үкіметіне беруден бас тартқан еді. Бірақ кейін Еуропа Одағының қысымымен экстрадиция туралы заңға түзету енгізіліп, 8 қаңтарда жоғарғы сот Перковичті Германияға тапсыру туралы шешім шығарған.

Хорватия 2013 жылы Еуропа Одағына мүше болып қабылданған.
XS
SM
MD
LG