Accessibility links

40 мың жасақ Сочиді террордан қорғай ала ма?


Сочидегі полиция. 16 қаңтар 2014 жыл.
Сочидегі полиция. 16 қаңтар 2014 жыл.

Ресей полициясы қысқы олимпиада өтетін Сочиде теракт жасауды жоспарлаған әйелге іздеу жариялады. Сарапшылар Солтүстік Кавказдағы бұл қалада «террорлық шабуыл қаупі жоғары» дейді.

Құқық қорғау органдары 22 жастағы Рузанна Ибрагимованың суретін таратып, оған іздеу жариялады.

СОДЫРДЫҢ ЖЕСІРІ МЕН УМАРОВТЫҢ УӘДЕСІ

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол – Солтүстік Кавказ тауларында жасырынып жүріп қаза тапқан содырдың жесірі.

Болжам бойынша, бұл әйел Сочи қаласында қаңтардың 7-сі күні құрылған қауіпсіздік шеңберінің ішінде жүрген болуы мүмкін. Басқа бір ақпарат құралдары «бір емес, төрт күдіктіге іздеу жарияланды» деген ақпарат таратты.

Жанкешті деп іздеу жарияланған Рузанна Ибрагимованың суреті ілінген тақта. Сочи, 18 қаңтар 2014 жыл.
Жанкешті деп іздеу жарияланған Рузанна Ибрагимованың суреті ілінген тақта. Сочи, 18 қаңтар 2014 жыл.
Президент Владимир Путиннің атақ-абыройын асқақтату мақсатын көздейтін бұл жолғы олимпиада Ресейдің ең мазасыз аймағы – Солтүстік Кавказдан бірнеше жүз шақырым ғана қашықтықта жатыр. Ибрагимоваға іздеу салу – жұртты қобалжытқан көп қауіптің бір белгісі ғана.

Сочи қаласы қысқы олимпиаданы өткізуге өтініш бергенде сарапшылар «Солтүстік Кавказдағы сепаратистік жасақтар кесірінен мұнда террор қаупі жоғары болады» деп дабыл қаққан.

Солтүстік Кавказдағы содырлар жасағының басшысы, Ресейдегі №1 терроршы Доку Умаров олимпиада ойындарын «шайтаннан» деп атап, олимпиаданы «Құдай рұқсат берген кез келген әдісті қолданып тоқтатуға» уәде берген.

«ТОСЫН СЫЙ»

Өткен аптада «жиһадшылар» веб-сайтында Ресейдің оңтүстігіндегі Волгоград қаласында өткен айда болған жарылыстарды өз мойнына алған екі ер кісінің видеосы жарық көрді. Жарылыстардан 30-дан аса кісі опат болған еді. Ресей құқық қорғаушылары бұл видеоның қашан таспаға түсірілгенін және олардың жарылысты шынымен ұйымдастырған-ұйымдастырмағанын анықтап жатыр.

Бұл видеода өздерін Солтүстік Кавказдағы «Дағыстан республикасының өкіліміз» деп таныстырған екі жігіт содырлардың олимпиадаға арнаған «тосын сыйлар пакеті» бар екенін айтады. «Егер сендер олимпиада өткізсеңдер, мұсылмандардың төгілген қаны үшін бізден сыйлық аласыңдар» дейді видеодағы екі адамның біреуі.

Андрей Солдатов.
Андрей Солдатов.
Ресейлік журналист әрі қауіпсіздік саласы бойынша сарапшы Андрей Солдатов «Бұл видеоны Ирактағы террористер түсірген деген болжамдар жаңсақ» дейді.

- Видеоның Ресей орталығында тұратын халыққа арналғаны анық. Тіпті артында ойнап тұрған музыка да орыстікі, бұл – осы тақылеттес клиптерде сирек болатын ерекшелік. Ескерту Солтүстік Кавказдың тұрғындарына емес, Ресейдің [қалған бөлігіндегі] жұртқа жасалған, - дейді ол.

«ҚАРА ЖЕСІРЛЕР»

Қаңтардың 18-і күні Дағыстан астанасы – Махачкала қаласының қауіпсіздік күштері «арнайы операция кезінде жеті күдіктіні атып өлтіргендерін» хабарлады. Оққа ұшқандар арасында мерт болған содырдың 26 жастағы жесірі де болған. Болжам бойынша, бұл әйел болашақта теракт ұйымдастыруға әзірленіп жүрген.

«Қара жесірлер» аталып кеткен әйел терроршылар Ресейде 2000 жылдан бері көптеген террорлық шабуылдарға қатысты. Ең қанды оқиғалардың арасында 2004 жылдың ақпан айында Мәскеу метросында болған жарылысты (40-тан астам адам қаза тапқан), 2004 жылғы тамыз айында екі ұшақтағы терактіні (90 адам өлді) атауға болады. Былтыр қазан айында Волгоград қаласында жанкешті әйел автобуста өзін жарып жіберіп, жеті адам опат болған.

Осы айдың басында «жұмбақ машина» жарылысынан соң Ресей қауіпсіздік күштері елдің оңтүстігіндегі Ставрополь өлкесінде антитеррор операциясын ұйымдастырды. Желтоқсан айында Ставропольдің Пятигорск қаласында бір машина жарылып, одан үш кісі қаза тапқан.

АҚШ-ТЫҢ КӨМЕГІ

Қаңтардың 19-ы күні Сочиде журналистерге сұхбат берген Ресей президенті Владимир Путин «олимпиаданың тыныш өтетініне сенімді екенін» айтты.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Тула қару зауытының өнімін көріп тұр. Ресей, 20 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Тула қару зауытының өнімін көріп тұр. Ресей, 20 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Путин «Біздің, яғни, ұйымдастырушылардың міндеті – олимпиадаға қатысушылар мен спорт шарасына келген қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндетті орындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз» деді.

Оның айтуынша, «олимпиада қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде халықаралық ынтымақтастық та ерекше рөл атқарады».

«Егер біз өзіміздің әлсіздігімізді, қорқынышымызды білдіріп алсақ, террористердің өз мақсаттарына жетуіне мүмкіндік береміз. Меніңше, гуманитарлық, саяси, экономикалық және басқа барлық салаларда жұмыс істейтін халықаралық қауымдастық өкілдері бейбіт адамдарды өлтіру сияқты мұндай қылмыстық және террористік шараларға қарсы күресте бірлік көрсетуі керек» дейді Ресей президенті.

АҚШ Сочидегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ресейге қол ұшын беріп жатыр. АҚШ қорғаныс министрлігі «Мәскеу өтініш берген жағдайда Қара теңізде жүрген екі әскери кеме мен әуе құралдары (аттары аталмаған - ред.) көмекке келуге әзір» екенін мәлімдеді. CNN телеарнасының хабарлауынша, АҚШ федералдық тергеу бюросының мамандары «Кавказ аймағынан АҚШ-қа барған адамдарды бейресми түрде тергеп жатыр».

АҚШ қауіпсіздік қызметінің атын атамаған бір өкілі Fox News телеарнасына берген сұхбатында «біздің терроризм және қауіпсіздік жөніндегі барлық агенттіктеріміз Сочиде жұмыс істеп жатыр» деген. Оның айтуынша, АҚШ Ибрагимованы іздеуге көмектесуге кіріскен.

«РЕСЕЙ АҚПАРАТ БЕРМЕЙ ОТЫР»

Ынтымақтастықпен қатар келіспеушілік те бар. АҚШ мемлекеттік департаменті «Сочидегі ойындарды тамашалауға бару қауіпті» деген мәлімдеме жасады.

Майк Роджерс.
Майк Роджерс.
АҚШ парламентіндегі өкілдер палатасының барлау комитеті басшысы Майк Роджерс CNN-ге берген сұхбатында «Мәскеу Вашингтонға барлау ақпаратын жеткілікті дәрежеде бермей отыр» деді.

Роджерс «Өз спортшыларымызды қорғауға мүмкіндік беретіндей ақпаратты ала алмай отырмыз. Олар бізге мәліметтерді толық бермей жатыр» дейді .

Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Солдатов та «АҚШ пен Ресей қауіпсіздік мекемелері арасында жұрт күткендей бірлік жоқ» дейді.

- Сочидегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты америкалықтар мен ресейліктер арасындағы ынтымақтастық лайықты дәрежеде емес, Ресейдің арнайы органдары көмек сұрап жатқан жоқ дегенді АҚШ-тың бірнеше шенеунігі қайталап айтты, - дейді ол.

Ресей Сочидегі қауіпсіздік аймағына 40 мыңнан астам әскер жіберді. Бұған қоса осы айдың басында олимпиада өтетін қалаға 400 казак солдаты кіргізілген. Казак әскери киімдердін киіп, қару-жарағын асынған олар Сочи көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Алайда Солдатовтың айтуынша, «бұл қауіпсіздік толық қамтамасыз етілді» дегенді білдірмейді.

- Жалғызілікті жанкешті терроршылар жайлы айтсақ, Сочиде жүрген қауіпсіздік қызметкерінің және олар ұстаған қарудың саны оларға бөгет емес. Ең бастысы - барлау қызметтерінің өзара ақпарат алмаса білуі, әрекет етуге мүмкіндік беретін құнды ақпаратты таба білуі, - дейді Солдатов.

(Роберт Коалсон мен Любовь Чизованың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG