Accessibility links

Ресей думасы Украина жайлы мәлімдеме қабылдады


Демонстранттар милициямен қақтығысып жүр. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл.

Демонстранттар милициямен қақтығысып жүр. Киев, 22 қаңтар 2014 жыл.

Бүгін Ресей мемлекеттік думасы шетелдік саяси топтарды Украинаның ішкі ісіне араласпауға шақырған мәлімдеме қабылдады. Дума депутаттары Украинадағы жағдайдың шиеленісуін украин оппозициясы мен батыс саясаткерлерінен көреді.

388 депутат қолдаған мәлімдемеде мемлекеттік дума "Ресей мен Украина халықтары әрқашан ынтымақта болғанын, оның кез-келген қауіп-қатердің алдын алатынын айтып", Украинаға Еуропа одағымен ассоциацияны көздейтін геосаяси таңдауды "күштеп таңуға болмайтыны" туралы тағы да ескерткен.

Ресейлік депутаттар украин оппозициясын "зорлық-зомбылықтан бас тартып", билікпен диалог орнатуға шақырады.

Кеше Ресей сыртқы істер министрі Серегй Лавров Украинадағы үкіметке қарсы демонстрацияларға қатысты кейбір еуропалық саясаткерлерді сынаған еді.

Бүгін Украина қауіпсіздік қызметі наразылық шерулеріне қатысқан АҚШ пен Польша азаматтарының елге келуіне тыйым салғаны белгілі болды. Киев қаласы мэриясының алдында "Майдан. Халық режимнің құлауын талап етеді" деген фильм көрсеткен америкалық Пальмер Стюарт Чарльзге дереу елден кету туралы нұсқау берілген.

Арнайы қызмет Харьковтегі наразылық акциясына қатысқан Польша азаматы, кәсіподақ қайраткері әрі саясаткер Збигнев Буяктың да елге кіруіне тыйым салған.

Киевтегі демонстранттар мен милицияның қақтығыстары 19 қаңтарда, Украина парламенті жиын өткізуді шектейтін заң қабылдаған соң басталған. Бүгінгі қақтығыстарда шерушілерден екі адамның қаза тапқаны туралы ресми түрде расталмаған ақпарат тарады. Мыңдаған демонстрант пен милиция арасындағы қақтығыстар салдарынан 19 қаңтардан бері екі жақтан 200-ден астам адам зардап шеккен. Оның 30-дан астамы - журналистер.
XS
SM
MD
LG