Accessibility links

Полиция азаптауын растаған сот үкіміне шағымданды


Александр Герасимов.
Александр Герасимов.

Қостанайдың құқық қорғау органдары өзін полиция азаптады деп арызданған құрылысшыға компенсация төлеу туралы шыққан сот шешімін апелляцияға берді.

Қостанайдың құқық қорғау органдары жергілікті соттың шешіміне қарсы түсірген апелляция бойынша қаңтардың 23-інде тағы бір сот өтеді.

Былтыр қараша айында судья полицияны сотқа беруші құрылысшы Александр Герасимовтың шағымын қанағаттандырып, жәбірлеушіге өтемақы төлеуді міндеттеген. Құрылысшы 2007 жылы өзін полицейлер аяусыз азаптады деп шағымданған. Жергілікті заңгерлер "ертеңгі сотта әуелгі үкім күшінде қалса, бұл оқиға азаптау құрбаны үшін тарихи жеңіске айналғалы тұр" дейді.

2007 жылы Қостанайда тұратын Александр Герасимов өгей ұлын іздеп жергілікті полиция бөлімшесіне барады. Оның ұлы сол кезде кісі қолынан мерт болған бір әйелдің өліміне қатысты басқа он шақты адаммен бірге ұсталған еді.

Бірақ ұлын іздеп барған Герасимовтың өзі аяқ астынан айыпталушы ретінде тергеушінің алдынан бір-ақ шығады. Оған "Ұлың қылмысты сен жасады деп отыр" деп мәлімдейді де, өзін ұрып-соғып, басына пакет кигізіп тұншықтырып, "қылмысты жасағанын" мойындауды талап етеді.

Ақыр соңында Герасимов та, оның ұлы да қылмысқа қатысы болмай шығып, босатылды. Бірақ 44 жастағы Герасимов басы мен бүйрегі қатты зақымданып ауруханаға түскенін, азаптаудың соңы айықпас дертке душар еткенін айтады.

"Бір жарым жылда әрең ес жидым. Кейбір жарақат енді ғана жазыла бастады. Көзімнің көруі нашарлады, басымнан кітаппен ұрғылаған еді" дейді ол.

ӨТЕМАҚЫ

Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінде тұтқындарды азаптау кең тараған. Герасимовтың адвокаты Анастасия Миллердің сөзінше, қинау арқылы жасамаған қылмысты мойындату полиция үшін "қылмысты ашудың" ең оңай жолы болып саналады. Human Rights Watch соңғы есебінде Қазақстанда
Қазақстандағы адам құқықтары бюросы Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер.
Қазақстандағы адам құқықтары бюросы Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер.
азаптауға қарсы заң қабылданғалы бері 2013 жылдың алғашқы алты айында 200-ден астам шағым түскенін және азаптаушылардың жазаға тартылмай қала беретінін жазады.

Бірақ Герасимовтың бастан кешкені басқаларға ұқсамайтын хикая болып шықты. Қазақстандық прокурорлар оның азаптау туралы арыз-шағымы бойынша тексеру жасаудан бас тарта бергесін Миллер мен Қазақстандық адам құқықтары бюросының заңгерлері БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің алдына Орталық Азиядан бірінші болып шағым түсірді.

Қазақстан БҰҰ азаптауға қарсы конвенциясын 1998 жылы бекіткен болатын. Сол себепті халықаралық азаптауға қарсы заңдарды мойындауға және 10 алқа мүшесінен тұратын комиссия шешімдерін орындауға мәжбүр.

2012 жылдың мамырында комиссия Қазақстанды Герасимовтың ісін мұқият
Александр Герасимов жарақатын көрсетіп тұр.
Александр Герасимов жарақатын көрсетіп тұр.
қарауға шақырды, оған өтемақы төлеп, қайыра азаптауға ұшырауына жол бермеуге міндеттеді.

Полиция БҰҰ комиссиясының шешіміне мән бермей келді. Бірақ 2013 жылы қараша айында Қостанай қаласының соты полицияны Герасимовке 2 миллион теңге (13 мың доллардай) өтемақы төлеуге міндеттеді.

Герасимовтың заңгерлері қатты таң қалды, бірақ әбден разы болды. Олар қазақстандық судьялардың БҰҰ азаптауға қарсы комиссиясының шешімдеріне құлақ асуының өте сирек жайт екенін айтады. Оның үстіне Қазақстан заңдары бойынша азаптау құрбандарына өтемақы төлеу қарастырылмаған.

Миллер бұл сот шешімі осыған дейін іске көңіл бөлмей келген жергілікті билік үшін бас қатыратын мәселеге айналғанын айтады.

"Мемлекеттік органды жазалаудың ең әсері түрі өтемақы төлету екенін ұқтық. 2 миллион теңге - Қазақстан үшін әжептәуір ақша. Әсіресе бюджеттен төленуі керек болса. Мұндай істер полиция мен азаматтардың қарым-қатынасын өзгертіп жатыр деп ойлаймын" дейді Миллер.

ПОЛИЦИЯНЫҢ АПЕЛЛЯЦИЯСЫ

Полиция Қостанай соты халықаралық құқық нормасын жергілікті ауқымда қолданып, өкілетін асырып жіберді деп шағымданбақ.

Юрист Миллердің айтуынша, полиция апелляция берсе, жеңіп шығуы да мүмкін. Бірақ сот үкімі күшінде қалса, азап көрген азаматтар құқығын сотта қорғау амалын іздеп жүрген заңгерлерге тиімді болмақ.

Open Society Justice Initiative ұйымының заңгері, азаптау жайлы істерді сотқа жеткізушілердің бірі Мария Лисицына Герасимовтың шағымын дайындауға қатысқан. Оның айтуынша, Герасимовтың ісін бүкіл Орталық Азиядағы заңгерлер бағып отыр.
Герасимов әділдікке жетіп жатса, бұл оқиға сол сияқты басқа адамдарға да маңызды болмақ.
Заңгер Мария Лисицына.

"Белсенді емес, Герасимов сияқты қарапайым адам құқығы қатты бұзылып, енді әділдікке жетіп жатса, бұл оқиға сол сияқты басқа адамдарға да маңызды болмақ" дейді Мария Лисицына.

Полиция өтемақы төлеу жайлы үкімнің күшін жойғызса, Герасимовтың заңгерлері ол жайлы шағымданбақ.

Ал Александр Герасимов әділдік іздеген жеті жылдан бері жақындары қысым көріп келе жатқанын, бірақ ақырына дейін күресетінін айтады.

"Әкем полицияда 50 жылдай қызмет еткен. Ол мені "әділ бол, мақсатыңа жет, адал еңбек ет" деп тәрбиелеген. Менімен таныс-біліс болған адамдар әлі күнге дейін мені сыйлайды" дейді Александр Герасимов.

Мақаланы Азаттық тілшісі Дэйзи Синделар жазған.
XS
SM
MD
LG