Accessibility links

"Рысқалиев тобының" соты басталды


Бергей Рысқалиев (сол жақтағы көк киімді адам), Атырау облысының әкімі кезінде. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.

Бергей Рысқалиев (сол жақтағы көк киімді адам), Атырау облысының әкімі кезінде. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.

Атырауда облыстың бұрынғы әкімі "Бергей Рысқалиев құрды" делінген айып тағылған бір топ адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот тыңдауы басталды.

Сотқа "қылмыстық топ мүшелері" деген күдікпен айып тағылған 22 адам тартылып отыр. Олардың арасында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары Болат Дәукеев пен Асқар Әбдіров, Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов бар.

Сотты Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Гүлмира Дәулетова жүргізіп отыр.

Рысқалиевтің серіктеріне байланысты "СнабОйлСтрой" компаниясының лауазымды өкілдерінің үстінен "салықтан жалтару" бабы бойынша іс қозғалған. Компания өкілдеріне "2005-2009 жылдары кіріс пен шығыс туралы жалған ақпарат беріп, бюджетке 160 миллион теңге салық төлеуден жалтарған" деген айып тағылған.

Бергей Рысқалиевтың үстінен бұған дейін "бюджет қаржысын жымқырды" және "қызмет өкілетін теріс пайдаланды" деген айыптар тағылып, тұтқынға алу туралы санкция шыққан. 2013 жылғы қаңтар айында оған іздеу жарияланған.

Бұған дейін Қазақстан қаржы полициясы "Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап тигенін" хабарлаған еді.

Қаржы полициясы қылмыстық топ мүшелері ретінде айып тағылған 22 адамға қатысты қылмыстық іс бір бөлек, Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали және олардың тағы тоғыз серігіне қатысты қылмыстық іс бір бөлек қарастырылады деген.

"Рысқалиев тобы" мүшелерінің үстінен қозғалған іс бойынша алдын-ала сот тыңдауы 24 желтоқсанда өткен.
XS
SM
MD
LG