Accessibility links

Киев: шерушілер келіссөзден бас тартты


Киев Майданы кеңейді
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

ВИДЕО: Президент Януковичпен кездесу нәтижесі туралы оппозиция жетекшілері алаңдағы жұртшылыққа хабарлады. Киев, 23 қаңтар 2014 жыл.

Киевте демонстранттар билікпен келіссөздер жүргізуден бас тартып, наразылық акцияларының ауқымын кеңейтуге шешім қабылдады. Бұл туралы украиналық "Украинская правда" агенттігі хабарлады.

Кеше оппозиция жетекшілері Виталий Кличко, Олег Тягнибок және Арсений Яценюк президент Януковичпен тағы кездескен. Кездесуден соң Тәуелсіздік алаңына барған Виталий Кличконың айтуынша, келісімге сәйкес, президент Янукович пен ішкі істер министрі демонстранттарға күш қолдануды, зорлық-зомбылықты тоқтатып, барлық қамалғандарды босатады. Ал наразылық танытушылар милицияға қарсы әрекеттерін тоқтатуы тиіс.

"УНИАН" агенттігінің хабарлауынша, Олег Тягнибок алаңда демонстранттардан президент уәде еткендей қамалғандар босатылу үшін Грушевский көшесін босатуды сұраған. Бірақ демонстранттар ол ұсынысты қолдамай, қарсылықты жалғастыра беруге дауыс берген. Оған жауап ретінде Тягнибок наразылық танытушыларды тәртіп сақтап, нұсқауды орындауға шақырды.

Ал Арсений Яценюк наразылық акциясын Институт көшесінен Ольгинский көшесіне дейін кеңейту туралы айтты. Ол оппозиция "нақты нәтижеге жету үшін" билікпен келіссөздерді жалғастыра беретіндерін де айтты.

Бүгін оппозиция өкілдері президентпен тағы да кездеседі деп жоспарланып отыр. Бұған дейін оппозиция өкілдері Януковичпен қарсыласушы тараптар кеше жарияланған бітімді бүгін келіссөздер басталғанға дейін сақтауға уағдаласқан.

Киевте 19 қаңтарда бейбіт жиын өткізуді шектейтін заң қабылдануына қарсы жаппай демонстрациялар басталған еді. Содан бергі өткен уақыт ішінде шерушілер мен милиция арасындағы қақтығыстар болып, бес адам қаза тауып, 300-ге тарта адам жараланған.
XS
SM
MD
LG