Accessibility links

«Тальго» жолда алты сағат тоқтап тұрды


Пойыздың іші. (Көрнекі сурет)
Пойыздың іші. (Көрнекі сурет)

Петропавлдан Алматыға шыққан «Тұлпар-Тальго» пойызы жолда бұзылып, алты сағат тоқтап қалды. Жолаушылар осынша уақыт бойы суық әрі қараңғы вагондарда отырғандарын айтады.

Пойыз жолаушыларының кейбірі жолда қалғандарын Twitter арқылы хабарлады. Азамат Омаров атты қолданушы Twitter-дегі парақшасында «Жеті сағат күтіп отырмыз. Ешқандай ақпарат жоқ, шаруаларымның графигі бұзылды, вагондардың іші суық, ауырып қалмасам болды» деп жазды.

Бекежан Кембаев есімді жолаушы да «вагондарда жарық жоқ» екенін Twitter арқылы хабарлады.

«Қазақстан темір жолына» қарасты «Жолаушылар тасымалы» компаниясының анықтама бөлімі Петропавлдан Алматыға келе жатқан 152-бағыттағы «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы қаңтардың 24-і күні жолдағы Сарышаған станциясында алты сағат тоқтап тұрғанын растады.

- «Тальго» пойызы таңғы бесте жанармай қатып қалуына байланысты Сарышаған станциясында тоқтап қалды. Пойызда 270-тен астам жолаушы болған. 170 жолаушы «Екатеринбург-Алматы» пойызына отырғызылып, Алматыға жөнелтілді. Ал "Тальгоның" өзі жөндеуден соң, сағат 11-де жолға шықты. Бұл пойыз Алматыға сағат 24 қаңтар күні 17:00-18:00-дің арасында келуі керек, - деді анықтама бөлімінің диспетчері Азаттыққа.

«Жолаушылар тасымалы» компаниясының анықтама бөлімінің диспетчері «Бұл оқиғаға байланысты өтемақы талап еткен жолаушылар бар ма?» деген сұраққа «Шығын көлемінің өтелу-өтелмеуі ертең (25 қаңтарда - ред.) шешіледі» деген жауап қайырды.

«Тальго» пойыздары Қазақстанда 2003 жылы Астана-Алматы бағытымен жолға шыға бастаған.

Алғашқы жылдары бұл пойыз вагондары Қазақстанға Испаниядан әкелінген. Ал 2011 жылы желтоқсанда «Қазақстан темір жолы» мен «Патентес Тальго» компаниясы бірігіп, Астанада «Тальго» пойыздарын құрастыратын «Тұлпар-Тальго» зауытын ашты. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 140-150 вагон.

Қазір мұндай пойыздар Алматы-Астана, Алматы-Петропавл, Астана-Семей, Астана-Ақтөбе, Алматы-Атырау, Астана-Атырау бағыттарына жүреді.

«Қазақстан теміржолы компаниясы» 2014 жылы Алматы-Өскемен, Алматы-Ташкент, Астана-Өскемен, Астана-Қызылорда, Алматы-Ақтөбе бағыттарын ашуды жоспарлап отыр.

Қазақстандағы ескі типтегі пойыздарға қарағанда тез жүретіндіктен «Тальго» пойызының билет құны да екі-үш есе қымбат.
XS
SM
MD
LG