Accessibility links

Таиландта оппозиция жетекшісі оққа ұшты


Таиландтағы үкіметке қарсы акцияға қатысушылар. (Көрнекі сурет)
Таиландтағы үкіметке қарсы акцияға қатысушылар. (Көрнекі сурет)
Бүгін Бангкокте оппозиция жетекшілерінің бірі Сутхин Таратин мерт болды. Саясаткер автокөлік үстінен өз қолдаушыларының алдында сөйлеп тұрған кезде оқ тиіп ауыр жараланған. Таратин ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай қайтыс болған.

Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі акциялар барысында кемінде 11 адам зардап шеккен.

Бір аптадан соң Таиландта жалпыхалықтық сайлаулар өтеді деп жоспарланған. Алдын ала дауыс беру бүгін басталып та кетті. Сайлауға өткізуге қарсы оппозиция халықты сайлауға бойкот жариялауға шақырған. Елдің кейбір аймақтарында шерушілер сайлау учаскелерінің есігін бөгеп тастаған.

Таиландта былтырғы қараша айынан бері премьер-министр Ийнглак Чинаваттың биліктен кетуін талап етіп наразылық шерулері жалғасып жатыр. Наразылар үкіметті оның ағасы, экс-премьер Таксин Чинават бақылайды деп айыптайды. Қазір шетелде тұратын Таксин Чинаваттың үстінен Таиландта «коррупциялық әрекеттер жасаған» және «қызмет өкілетін теріс пайдаланған» деген айыптар тағылып, іс қозғалған.

Ийнглак Чинават 2013 жылдың желтоқсан айында елдегі саяси дағдарыстан шығу мақсатында алдағы ақпан айының басына кезектен тыс парламент сайлауын белгілеген еді. Бірақ елдегі басты оппозициялық партия оған бойкот жариялаған.
XS
SM
MD
LG