Accessibility links

Өтембаев үкімін қайта қарау соты жалғасты


"Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге тапсырыс беруші" деген айыппен сотталған Ержан Өтембаев. 22 қаңтар 2014 жыл.

"Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге тапсырыс беруші" деген айыппен сотталған Ержан Өтембаев. 22 қаңтар 2014 жыл.

Алматы облысы Қаскелең қаласындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сотталған сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарау туралы сот тыңдауы жалғасты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жәбірленуші жақ өкілдері (Рысбек Сәрсенбай, Маржан Аспандиярова, Төлеген Жүкеев және адвокаттары) сот төрағасынан сотқа Алтынбек Сәрсенбайұлына қастандық жасалған кезде ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджановты, тергеу кезінде аттары аталған Ресей азаматы Алексей Кекшаевты шақыртуды сұраған.

Жәбірленуші жақ бұған қоса қастандыққа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Арыстан" арнайы жасағының қатысы болғандықтан істің әскери сотта қаралуын сұрап, өтініш білдірді. Бірақ айыпталушы жақ - Ержан Өтембаевтың адвокаты мен прокурор жоғарғы соттың істі Алматы облыстық сотына қайта қарауға жібергенін айтып, оған қарсылық білдірген.

Қазір сот аталған өтінішті талқылап жатыр.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Сот бұл қылмысқа Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген.

2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, "Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес - Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев" деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
XS
SM
MD
LG