Accessibility links

Украин оппозициясы 10 облысты бақылауға алды


Оппозиция белсенділері басып алған әділет министрлігін қарауылдап жүр. Киев, 27 қаңтар 2014 жыл.
Оппозиция белсенділері басып алған әділет министрлігін қарауылдап жүр. Киев, 27 қаңтар 2014 жыл.
Украинада демонстранттар милицияның арнайы жасағымен әлі қақтығысып жатыр.

26 қаңтар мен 27 қаңтарға қараған түні демонстранттар Запорожье, Днепропетровск, Чернигов, Херсон және Сумы қалаларында жергілікті әкімшілік орындарын басып ала бастаған еді. Одесса, Николаев, Харьков және Луганск қалаларында да билікке наразылар көшеге шықты. Милиция төрт облыста наразылық танытушыларды таратуға тырысты. Күшпен тарату кезінде зардап шеккендер бар.

Черкасск қаласында "Еуромайдан" белсенділерін қуып тарату кезінде Польшаның "Белсат" қоғамдық телеарнасының журналистері Юрий Высоцкий мен Сергей Марчук ұсталған.

25 облыстан тұратын Украинаның батыс және орталығындағы 10 облысы демонстранттар қолына өтті. Шерушілер Киев, Ивано-Франковск, Львов, Луцк, Черновцы, Тернополь, Ровно, Винница, Житомир және Полтава облыстарын бақылауында ұстап тұр.

Ивано-Франковск облысында милиция белсенділер басып алған облысының әкімшілігін қайтарып алуға дайындалып жатқаны туралы хабарланды.

Киевте "Общее дело" қоғамдық қозғалысының белсенділері әділет министрлігін басып алған еді. Әділет министрі Елена Лукаш "Интер" телеарнасы арқылы егер наразылар таяу арада министрлікті босатпаса, онда ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс министрлігіне елде дереу төтенше жағдай енгізуді сұрайтынын ескертті.

Украина ұлттық қауіпсіздік қызметі осыған қатысты мемлекеттік билік нысандарын басып алғандар 15 жылға дейін сотталатынын ескерткен.

Бүгін билік пен оппозиция арасындағы келіссөздер қайта жалғасуы керек. "КоммерсантЪ-Украина" басылымының жазуынша, оппозиция жетекшілері Януковичтің ұсынысын қабыл алып, мемлекетті басқарудың парламенттік-президенттік формасына қайта оралған жағдайда министрлер кабинетін басқаруға келісуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
XS
SM
MD
LG