Accessibility links

Египетте 20 журналиске терроризм айыбы тағылды


Наразылық білдіріп тұрған египеттік журналистер. Каир, 28 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Наразылық білдіріп тұрған египеттік журналистер. Каир, 28 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Египет бас прокуратурасы "Әл-Жазира" телеарнасымен әріптес болған 20 журналистің "терроризмге қатысты" сотқа тартылатынын мәлімдеді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Австралия, Нидерландының бір-бір журналисі және Ұлыбританияның екі журналисі Египеттегі қақтығыстар туралы "жалған ақпарат тарату арқылы терроршыларға болысты" деп айыпталып отыр. Олардан өзге египеттік 16 журналиске "террористік ұйымдарға кірді" деген айып тағылған.

Қазір күдікті 20 журналистің сегізі қамауда отыр.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, журналистерге тағылған айып "Әл-Жазира" телеарнасының таяуда террористік ұйым деп жарияланған "Мұсылман бауырлар" қозғалысы туралы хабар таратуына байланысты болуы мүмкін.

Египеттің әскерилер қолдайтын үкіметі 2013 жылы жазда президент Мұхаммед Мурси биліктен кетірілгеннен бері "Мұсылман бауырлар" қозғалысын қудалап жатыр. Мурси осы ұйымның мүшесі болған.
XS
SM
MD
LG