Accessibility links

Өтембаевтың сотында тыңдау аяқталды


Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге "тапсырыс беруші" Ержан Өтембаев. 22 қаңтар 2014 жыл.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге "тапсырыс беруші" Ержан Өтембаев. 22 қаңтар 2014 жыл.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деп сотталған парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарау сотының тыңдауы бүгін аяқталды деп хабарлайды ҚазТАГ. Сотқа төрағалық етіп жатқан судья Асқарбек Бейімбетов тараптардың жарыссөзі ертең, 31 қаңтарда басталатынын жариялаған.

Өтембаевтың үкімін қайта қарау соты Қаскелеңде Алматы облыстық сотында жүріп жатыр. Соттың кеше өткен тыңдауында жәбірленуші жақ - Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары мен адвокаттары сотқа қазіргі және бұрынғы ішкі істер министрлері Қалмұханбет Қасымов пен Бауыржан Мұхамеджановты шақыртуды сұраған еді. Бірақ сот жәбірленуші жақтың бұл өтінішін қанағаттандырмады. Сот бұған дейін айыпталушы жақтан алынған жауаптарды жеткілікті деп тапқан.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген.

Ал 2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес - Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
XS
SM
MD
LG