Accessibility links

Прокурор Өтембаевқа 15 жыл жаза сұрады


Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге қатысты айыпты деп танылған Ержан Өтембаев сотта отыр. Қаскелең, Алматы облысы, 22 қаңтар 2014 жыл.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге қатысты айыпты деп танылған Ержан Өтембаев сотта отыр. Қаскелең, Алматы облысы, 22 қаңтар 2014 жыл.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты Алматы облысы Қаскелең қаласында өтіп жатқан сотта бүгін жарыссөз басталды. Сот Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деп сотталған парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарап жатыр.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, айыптаушы тарап ретінде қатысып жатқан прокурор жарыссөзде Өтембаевты Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне болысты деп айыптап, 15 жылға бас бостандығынан айыруды және жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуді сұраған.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Сот бұл қылмысқа сол кезде парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген.

Ал 2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес - Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
XS
SM
MD
LG