Accessibility links

"Автомайдан" жетекшілерінің бірі азапталғанын айтты


"Автомайдан" белсендісі Дмитрий Булатов (ортада).
"Автомайдан" белсендісі Дмитрий Булатов (ортада).
Украинада "Автомайдан" акциясы жетекшілерінің бірі, 22 қаңтарда Киевте жоғалған Дмитрий Булатов журналистерге өзін әлдекімдер ұрлап әкетіп, азаптағанын айтты.

Бірақ Булатовты кім ұрлағаны белгісіз. Белсендінің беті, құлағы жырылып, миы шайқалған. Оппозициялық депутат Петр Порошенконың айтуынша, ұрлап әкеткендер Булатовты сегіз күн бойы қорлап, қолын байлаған күйі қараңғы жерде ұстаған. Соңғы екі күнінде тамақ бермеген.

Азапталған соң белсендіні көлікпен әкеп тастап кеткен. Ол Киев түбіндегі ауылдардың біріне жетіп, таныстарына хабарласқан.

Булатов қазір Киевте ауруханада жатыр. Оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко Булатовтың азапталуын үкіметке наразы демонстранттар мен белсенділерді қорқыту әрекеті деп атады.

Дмитрий Булатов Киевтегі Еуропамен интеграцияны қолдайтын акцияларға белсенді қатысып жүрген "Автомайдан" атты автомобилистер қозғалысы жетекшілерінің бірі. Туыстары онымен 22 қаңтардан бері байланыса алмаған еді. Сол күні "Беркут" жасағы "Автомайдан" колоннасының бірнеше мүшесін ұстап әкеткен. Бірақ Булатов ұсталғандардың арасында болмаған.

Қазір белсендінің ұрлануына байланысты қылмыстық іс қозғалған.
XS
SM
MD
LG