Accessibility links

Бас прокуратура: Рысқалиевтерді іздеу - Интерполға жүктелген


Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.

Бас прокуратура Азаттыққа жолдаған ресми жауабында Қазақстанда ірі көлемде қаржы қымқырды деп айыпталған ағайынды Рысқалиевтердің қайда екенін білмейтінін, оларға халықаралық іздеу жарияланғанын айтады.

"Айыпталушыларға халықаралық іздеуді жүзеге асыру Интерполға жүктелген" делінген прокуратураның жауабында.

Алайда Интерпол ұйымының сайтында іздеуде жүргендер тізімінде Рысқалиевтердің аты-жөні әзірге көрсетілмеген.

Бұған дейін Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның інісі, бұрынғы мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалидың Лондонда жүргені жайлы ақпарат тараған еді. Бас прокуратураның жазуынша, "олардың Ұлыбритания немесе басқа елдің аумағында екені туралы нақты ресми ақпарат түспегендіктен" оларды елге экстрадициялау туралы сұрау ешбір елге жолданбаған.

Бұған дейін Қазақстан қаржы полициясы "Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап тигенін" хабарлаған еді.

Қаржы полициясы қылмыстық топ мүшелері ретінде айып тағылған 22 адамға қатысты қылмыстық іс бір бөлек, Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали және олардың тағы тоғыз серігіне қатысты қылмыстық іс бір бөлек қарастырылады деп хабарлаған.

Қазір Атырауда қаңтардың 23-і күні басталған "Рысқалиев құрған қылмыстық топ мүшелеріне" қатысты сот жалғасып жатыр. Ағайынды Рысқалиевтерге қатысты соттың қашан болатыны әлі белгісіз.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG