Accessibility links

Прокурор Әлиев пен Мұсаевқа қарсы іс қозғауды сұрады


Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Разат Әлиев.

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Разат Әлиев.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сотта прокурор президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың саясаткер мен оның екі серігінің өліміне қатысы барын тексеру мақсатында қылмыстық іс қозғауды сұрады.

Әлиев пен Мұсаевқа қатысты іс қозғау туралы бүгін Қаскелеңде саясаткер мен оның серіктерін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қарап жатқан сотта айтылды.

Бұған дейін айыптаушы прокурор Ержан Өтембаевты 15 жылға соттауды сұраған еді.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі серігі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілген.

Ал 2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні бас прокуратура "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеген.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес - Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсанда Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұраған. Жоғарғы сот 19 желтоқсанда Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
XS
SM
MD
LG