Accessibility links

Египетте Мурси мен жақтастарының соты жалғасты


Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді қолдаушылар мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыс кезінде өртенген полиция көлігі. Каир, 31 қаңтар 2014 жыл.
Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсиді қолдаушылар мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыс кезінде өртенген полиция көлігі. Каир, 31 қаңтар 2014 жыл.
Бүгін Египетте елдің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси мен оның қолдайтын «Мұсылман бауырлар» қозғалысының 14 мүшесіне қарсы сот жалғасты. Сот процесі кезінде қауіпсіздік шаралары ерекше күшейтілген.

Былтыр жазда әскерилер биліктен тайдырған Мурси мен оның жақтастарына 2012 жылы Каирде президент сарайы маңына наразылық шеруіне шыққан оппозицияшыл демонстранттардың қазасына арандатушылық жасады деген айып тағылып отыр. Айыптары дәлелденген жағдайда олар өмірлік түрме жазасына кесілуі мүмкін.

Биліктен кеткелі бері қамауда отырған Мурсидің үстінен қозғалған бірнеше қылмыстық іс бойынша оған «саяси бәсекелестерін өлтіруге арандатушылық жасады», «шетелдік ұйымдармен астыртын сөз байласты» және «түрмеден қашу әрекетін ұйымдастырды» деген айыптар тағылған. Бұдан екі аптадай бұрын тергеу орындары оған «сот билігіне тіл тигізді» деген тағы бір айып таққан еді.

Египет билігі «террористік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының мүшелері жұма күні наразылық шарасын өткізбек болған. Бірақ оның соңы қарсылық акциясын күшпен таратпақ болған полиция мен демонстранттар арасында қақтығысқа ұласқан еді.
XS
SM
MD
LG