Accessibility links

Қаржы полициясы: Рысқалиевтерге қатысты іс уақытша тоқтап тұр


Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.

Атырау облысының бұрынғы әкімі, Қазақстанда "ірі көлемде қаржы жымқырды" деп айыпталған Бергей Рысқалиевке және басқа тұлғаларға қатысты қылмыстық іс Қазақстанның қылмыстық іс жүргізу кодексінің 50 бабына сәйкес, оны іздеу жұмыстарына байланысты уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Қаржы полициясы Азаттық жолдаған сауалға берген жауабында айтады.

Қаржы полициясының хабарлауынша, Рысқалиевке қатысты бұлтартпау шарасы белгіленіп, халықаралық іздеу жарияланған.

Бұған дейін бас прокуратура да Азаттыққа Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалидің қайда екенін білмейтінін, оларға халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлаған еді.

Алайда Интерпол ұйымының сайтында іздеуде жүргендер тізімінде Рысқалиевтердің аты-жөні әзірге көрсетілмеген.

Бұған дейін Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның інісі, бұрынғы мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалидың Лондонда жүргені жайлы ақпарат тараған еді. Бас прокуратураның жазуынша, "олардың Ұлыбритания немесе басқа елдің аумағында екені туралы нақты ресми ақпарат түспегендіктен" оларды елге экстрадициялау туралы сұрау ешбір елге жолданбаған.

Бұған дейін Қазақстан қаржы полициясы "Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап тигенін" хабарлаған еді.

Қаржы полициясы қылмыстық топ мүшелері ретінде айып тағылған 22 адамға қатысты қылмыстық іс бір бөлек, Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали және олардың тағы тоғыз серігіне қатысты қылмыстық іс бір бөлек қарастырылады деп хабарлаған.

Қазір Атырауда қаңтардың 23-і күні басталған "Рысқалиев құрған қылмыстық топ мүшелеріне" қатысты сот жалғасып жатыр. Ағайынды Рысқалиевтерге қатысты соттың қашан болатыны әлі белгісіз.
XS
SM
MD
LG