Accessibility links

Павлодарда "Сирияда болғандар" сотқа тартылды


"Сирияға жиһад жасауға бардық" деп мәлімдеген 150 қазақ туралы видеодан скриншот. (YouTube видеосынан алынды). Көрнекі сурет.
"Сирияға жиһад жасауға бардық" деп мәлімдеген 150 қазақ туралы видеодан скриншот. (YouTube видеосынан алынды). Көрнекі сурет.
Павлодар қаласындағы №2 қылмыстық сотта «Сириядағы қақтығыстарға қатысты» деп айыпталған екібастұздық төрт азаматқа қатысты сот өтіп жатыр. Соттың баспасөз хатшысы Әлібек Баратовтың Азаттыққа айтуынша, процесс 3 ақпанда басталған.

Бірақ ол сот жайында толық ақпаратты Екібастұз сотынан білу керектігін айтты. Ал Екібастұз соты жергілікті ақпарат құралдарында шыққан ақпараттарды растағанмен, қосымша мәлімет беруден бас тартты.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, Екібастұз азаматтары 26 жастағы Азамат Қазбаев пен Әбдісалям Мурзабаев «терроризмді насихаттады», «террористік топтардың әрекетіне қатысты», «террористік әрекеттерді қаржыландырды», «террористік немесе экстремистік әрекетті ұйымдастыру мақсатында азаматтарды тартты, даярлады» сияқты ауыр баптар бойынша айыпталып отыр.

ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, бұдан бөлек Екібастұздың тағы екі тұрғыны 29 жастағы Берік Жақупов пен 30 жастағы Борис Мурзабаевқа да «террористік әрекетті қаржыландырды» деген айып тағылған. Олардан елден кетпеу туралы қолхат алынған.

2013 жылдың қараша айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Азамат Қазбаев пен Әбдісалям Мурзабаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Павлодарда бұл азаматтардың үстінен басталған сотты судья Александр Гаенко жүргізіп отыр. Әзірге Азаттықтың айыпталушылардың туыстары мен адвокаттарына хабарласу әрекеті нәтижесіз болып тұр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG