Accessibility links

Жоғарғы сот Челах үкімін өзгеріссіз қалдырды


Владислав Челах сот залында отыр. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл.
Владислав Челах сот залында отыр. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл.
Жоғарғы соттың қадағалау алқасы "2012 жылы мамырда Алматы облысының Арқанкерген шекара бекетінде болған оқиғаға айыпты" деп өмірлік түрме жазасына кесілген Владислав Челахтың шағымын қарап, оны қанағаттандырмай тастады.

Соттан кейін Владислав Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов оның қазақстандық барлық сот орындарына шағымданғанын, енді тек БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінуі ғана қалғанын айтты.

2012 жылы мамырдың 30-ы күні тұтас өртеніп кеткен Арқанкерген шекара бекетінен 14 шекарашы мен 1 қорықшының – барлығы 15 адамның мәйіті табылған еді. Бұл қылмысқа қатысты тірі қалған жалғыз шекарашы – 19 жастағы Владислав Челах айыпты деп танылып, ол 2012 жылы желтоқсан айында сот үкімі бойынша өмір бойы түрме жазасына кесілген.

Владислав Челахқа қылмыстық кодекстің тоғыз бабы бойынша айып тағылған еді. Олардың арасында «Екі және одан көп адамды өлтіру», «Жеке заттарды ұрлау», «Құпия құжаттарды ұрлау», «Қару ұрлау» және «Қаруды заңсыз ұстау» деген баптар бар.

Сотта Челах тергеу кезінде қысым жасалғанын айтып, сол кезде берген жауаптарынан бас тартатынын мәлімдеген.

2013 жылы ақпанда апелляциялық сот Владислав Челахқа қатысты шыққан үкімді күшінде қалдырған. Ал маусымда әскери сот бұл үкім бойынша адвокаттың түсірген кассациялық шағымын да қанағаттандырмаған еді.
XS
SM
MD
LG