Accessibility links

Украина конституцияға өзгеріс енгізуді талқыламақ


Киевтің Тәуелсіздік алаңында демонстранттар шатыр тігіп, акцияларын жалғастырып жатыр. 4 ақпан 2014 жыл.
Киевтің Тәуелсіздік алаңында демонстранттар шатыр тігіп, акцияларын жалғастырып жатыр. 4 ақпан 2014 жыл.
Украина парламенті бүгін, 4 ақпанда конституцияға президенттің өкілетін шектейтін өзгерістер енгізу жайын талқыламақ.

Киевте бірнеше аптадан бері үкіметке қарсы шерулер өткізіп келе жатқан оппозиция президент Виктор Януковичтің отставкаға кетуін, елде мерзімінен бұрын парламент және президент сайлауларын өткізуді талап етеді.

Бірақ басқарушы "Аймақтар партиясының" өкілдері бүгін оппозициялық депутаттар шешім қабылдауға дауыстары жетпейтіндіктен парламент отырысына кедергі келтіреді деген болжам жасайды.

3 ақпанда парламент фракциялары мен комитеттерінің жетекшілері Раданың күн тәртібіне қатысты келісімге келе алмаған. Оппозиция басқарудың парламенттік-президенттік формасын енгізуге мүмкіндік беретін 2004 жылғы конституцияны қайта қалпына келтіретін акт қабылдауды талап етеді.

Бірақ "аймақтар партиясы" фракциясының жетекшісі Александр Ефремов "конституцияны механикалық жолмен өзгертуге заң жүзінде мүмкін емес" екенін айтқан. Оның сөзінше, конституцияға тек референдум арқылы ғана өзгеріс енгізуге болады.

Виктор Янукович сырқаттанып қалуына байланысты төрт күн демалыс алып, 3 ақпанда ғана жұмысқа шыққан. Украиналық ақпарат құралдары Януковичтің парламенттегі жақын серігі Юрий Мирошниченкоға сілтеме жасап, "елдегі дағдарыс бейбіт түрде шешілмейтін болса мерзімінен бұрын сайлаулар өткізуге дайын болғанын айтқанын" хабарлаған. Бірақ Янукович бұл ақпаратқа қатысты әзірге түсінік берген жоқ.
XS
SM
MD
LG