Accessibility links

Азаттық тілшісін полиция ұстады


Азаттық радиосының тілшісі Мәди Бекмағанбет. Алматы, 16 қаңтар 2013 жыл.
Азаттық радиосының тілшісі Мәди Бекмағанбет. Алматы, 16 қаңтар 2013 жыл.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің блогерлермен кездесуіне барған Азаттық тілшісі Мәди Бекмағанбетті полиция ұстады.

Полиция Азаттық тілшісінен өзге, кездесу өтіп жатқан мейрамхананың алдында акция өткізбек болған белсенділер Дмитрий Щелоковты, Нұрәлі Айтеленовті, Ринат Кибраевты да ұстаған.

Азаттық тілшісі Мәди Бекмағанбеттің айтуынша, полиция оларды ұстаған кезде "қоғамдық тәртіпті бұздыңдар" деген себеп айтқан. Өздерін "тәуелсіз блогерміз" деп сипаттаған Дмитрий Щелоков, Нұрәлі Айтеленов, Ринат Кибраев "Есімовтің кездесуіне бізді кіргізбеді, әкім өзінің жағымпаз блогерлерін ғана шақырған" деген наразылықтарын айтып, "Есімов, шық!" деп айғайлаған. Белсенділердің қолында "жағымпаз блогерлер" туралы шағын плакаттар болған. Азаттық тілшісі:

- Әл-Фараби көшесінің бойындағы Есімовтің блогерлермен кездесуі өтіп жатқан мейрамхана алдына төрт-бес полицей келіп, белсенділерді плакаттарын жайып көрсете бастаған кезде, шамамен сағат түскі 13:00 кезінде ұстады, - дейді.

Полиция Азаттық тілшісінің видеокамерасын тартып алып, белсенділермен бірге Алматы қаласының Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне апарған. Полиция бөлімшесіне кіргізгеннен кейін Щелоков, Айтеленов, Кибраевты алып қалып, Азаттық тілшісін "қателесіп ұстадық, кешірім өтінеміз" деп босатқан. Камерасын қайтарып берген.

Белсенділер Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің блогерлермен кездесуіне кіре алмай қалғандарына наразы. Әлеуметтік желілерге "әкіммен кездесуге тек билікшіл блогерлер ғана шақырылды" деген мазмұндағы жазбалар шықты. Алматылық блогердің бірі Владимир Лукашовтың осы кездесуге салған карикатурасы интернетке тарап кетті.
XS
SM
MD
LG