Accessibility links

Блогерлерді қамауға белсенділер наразылық айтты


Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов.

Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов.

Бүгін Алматыда бір топ белсенді қазақстандық блогерлер Дмитрий Щелоков, Ринат Кибраев және Нұрәлі Айтеленовтің 10 тәулікке қамалуына наразылық білдіріп, баспасөз жиынын өткізді.

Жиынға саясаткер Балташ Тұрсымбаев, Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков, "Журналистер қатерде" қорының президенті Рамазан Есіргепов, белсенділер Ғалым Ағелеуов пен Ерлан Қалиев қатысқан.

Ғалым Ағелеуовтің Азаттық тілшісіне хабарлауынша, жиналғандар блогерлердің заңсыз қамалғанын атап көрсеткен.

- Оларды ұстаудың өзі - заңсыз. Себебі, әу бастан оларды не себеппен ұсталғаны туралы хаттама толтырылмаған. Әкімшілік сотқа олардың адвокаттары қатыстырылған жоқ. Қандай айыппен сотталып жатқаны да айтылмады. Ешқайсысының айыбы дәлелденбеді. Әкім мен блогерлер кездесуі өтіп жатқан жерге Дмитрий Щелоков журналист ретінде оқиғадан хабар таратуға барған, - дейді Ағелеуов.

Сәрсенбі күні Алматы әкімі Ахметжан Есімов блогерлермен бірге отырған мейрамхана маңына барып, кездесуге өздерін кіргізбегеніне наразылық білдірген Ринат Кибраев, Нұрәлі Айтеленов және Дмитрий Щелоковті сол жерден полиция ұстап әкетіп, кейін әкімшілік сотының шешімімен үшеуі "бұзақылық" айыбымен 10 күнге қамалған.

Әкім мен блогерлер кездесуінен соң әлеуметтік желілерде "әкіммен кездесуге тек билікшіл блогерлер ғана шақырылды" деген мазмұндағы жазбалар шықты. Алматылық блогердің бірі Владимир Лукашовтың осы кездесуге арнап салған карикатурасы интернетке тарап кетті.
XS
SM
MD
LG