Accessibility links

Алматыда блогер Дина Байділдаеваны полиция ұстады


Блогер Дина Байділдаеваны полиция әкетіп барады. Алматы, 8 ақпан 2014 жыл.

Блогер Дина Байділдаеваны полиция әкетіп барады. Алматы, 8 ақпан 2014 жыл.

Алматыда 8 ақпан күні түске таяу блогер, Азаттық радиосының әлеуметтік желілермен байланыс жөніндегі редакторы Дина Байділдаеваны полиция ұстап, Бостандық ауданының ішкі істер бөліміне апарды.

Дина Байділдаева өзінің Бостандық ауданының ішкі істер бөлімінде отырғанын айтып, Азаттық тілшісіне:

- Мені қамалған блогерлерді қолдау мақсатында, оларға бостандық берілсін деген талаппен акцияға шыққаным үшін ұстады, - деді. Бұдан кейін телефон байланысы үзіліп кетті. Әзірге блогермен хабарласу мүмкін болмай тұр.

Дина Байділдаеваны полицияның тұтқындаған видеосы YouTube желісіне жарияланды. Азаттық тілшісіне Алматы ішкі істер департаментінің кезекшісі Руслан Арупов:

- Бізге түскен ақпарат бойынша, Дина Байділдаева Республика алаңындағы (Сәтпаев және Желтоқсан көшелерінің қиылысы - ред.) Тәуелсіздік монументі жанында жалғыз пикет өткізген, қолында плакаты болған, онда "Блогерлерге - бостандық" деп жазылған. Оны полиция рұқсат етілмеген акцияға шыққаны үшін ұстаған, - деді.

5 ақпан күні Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің блогерлермен кездесуі кезінде өздерін "тәуелсіз блогер" санайтын белсенділер Дмитрий Щелоков, Нұрәлі Айтеленов және Ринат Кибраевты полиция ұстаған еді. Белсенділер "Есімовтің кездесуіне бізді кіргізбеді, әкім өзінің жағымпаз блогерлерін ғана шақырған" деген наразылықтарын айтып, "Есімов, шық!" деп айғайлаған. Ол сол күні "бұзақылық" айыбымен 10 күнге қамауға алынды.

7 ақпан күні бір топ белсенді қазақстандық блогерлердің 10 күнге қамалуына наразылық білдіріп, баспасөз жиынын өткізді. Жиынға қатысқан Ғалым Ағелеуов "Блогерлердің ұстаудың өзі - заңсыз. Олардың не себеппен ұсталғаны туралы хаттама толтырылмаған. Әкімшілік сотқа олардың адвокаттары қатыстырылған жоқ. Қандай айыппен сотталып жатқаны да айтылмады. Ешқайсысының айыбы дәлелденбеді. Әкім мен блогерлер кездесуі өтіп жатқан жерге Дмитрий Щелоков журналист ретінде оқиғадан хабар таратуға барған" дейді Ағелеуов.

Әкім мен блогерлер кездесуінен соң әлеуметтік желілерде "әкіммен кездесуге тек билікшіл блогерлер ғана шақырылды" деген мазмұндағы жазбалар шықты. Алматылық блогердің бірі Владимир Лукашовтың осы кездесуге арнап салған карикатурасы да интернетке тарап кетті.
XS
SM
MD
LG