Accessibility links

Украина азаматы ұшақты Сочиге бұруды талап еткен


Стамбул әуежайына келіп қонған Airbus A320 ұшағы. 7 ақпан 2014 жыл.
Стамбул әуежайына келіп қонған Airbus A320 ұшағы. 7 ақпан 2014 жыл.
8 ақпан күні Түркия шенеуніктері Стамбулға келе жатқан ұшақты Украина азаматының қысқы олимпиада өтіп жатқан Сочиге бұруды талап еткенін хабарлады.

Түркияның Pegasus Airlines әуе компаниясының ұшағы Харьковтен шыққан. Стамбул мэрі Гусейн Авни Мутлудың айтуынша, пилоттардан ұшақты бұруды талап еткен азамат - 45 жастағы Артем Хозлов.

Украина сыртқы істер министрлігі Хозловтың Украина азаматы екенін растаған.

Украинаның қауіпсіздік қызметінің тергеу бөлімі бастығы Максим Ленко сенбі күні "Хозловтың ұшаққа мас күйінде отырғанын, пилоттарға жарылғыш затым бар деп қоқан-лоқы жасағанын" айтты.

- Ұшақ көтерілгеннен бір сағат өткенде пассажир пилоттардың кабинасына кіріп, ұшақ бағытын өзгертуді, Сочиге қонуды талап еткен. Ол "қолдары қанға бөккен Янукович пен Путин Сочиде" деген. Одан соң ол "Украинадағы барлық тұтқындар босатылсын!" деп айғайлаған, - дейді тергеу бөлімі бастығы.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда "талабым орындалмаса, ұшақты жарамын" деген Хозловты және одан қорыққан жолаушыларды пилоттар Сочиге бұрылған болып, жалған маневр жасап тыныштандырған.

Хозлов Стамбул әуежайында ұсталған. Бірақ ол полициямен төрт сағат келіссөз жүргізіп, 109 жолаушыны ұшақтан зорға босатқан. Түркия полициясы ұшақта ешқандай бомбаның болмағанын анықтаған.

Сочи қысқы олимпиадасы ақпанның 7-сі күні ресми түрде ашылды. Қазір олимпиада өтіп жатқан қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бұл шараларға НАТО да үлес қосып отыр.

Түркия шенеуніктері ұшақта жоғарыда сипатталған қауіпті оқиға басталған бетте түріктің екі F-16 жойғыш ұшағы көмекке жіберілгенін айтады. Екі әскери ұшақ жолаушылар Стамбулға жеткенше әуе кемесін бақылап, қасында ұшып отырған.
Максим Ленко бұл оқиғаға байланысты тергеу басталғанын айтты.
XS
SM
MD
LG