Accessibility links

Блогер Дина Байділдаева сотқа дейін босатылды


Блогер Дина Байділдаеваны полиция әкетіп барады. Алматы, 8 ақпан 2014 жыл.

Блогер Дина Байділдаеваны полиция әкетіп барады. Алматы, 8 ақпан 2014 жыл.

8 ақпан күні Алматыда блогер, Азаттық радиосының әлеуметтік желілермен байланыс жөніндегі редакторы Дина Байділдаеваны полиция ұстаған еді. Ол Республика алыңында қамауда отырған блогерлер - Дмитрий Щелоков, Нұрәлі Айтеленов және Ринат Кибраев босатылсын деген талаппен жалғыз наразылық акциясын өткізген.

Дина Байділдаева Азаттық тілшісіне:

- Мені Алматы қаласы Бостандық ауданы ішкі істер бөлімінде сағат 12-ден түскі 15-ке дейін ұстады. Шығарарда сотқа шақырту берді. Онда Марков көшесіндегі әкімшілік сотқа дүйсенбі күні сағат 10-да келуге міндетті екенім жазылған. Мені әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша - "рұқсатсыз пикетке шықты", "полицияға бағынбады" деп жауапқа тартпақ, - дейді.

Дина Байділдаева қолына "Блогерлерге - бостандық" деген плакат ұстап шыққан. Оны полицияның тұтқындаған видеосы YouTube желісіне жарияланды.

5 ақпан күні Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің блогерлермен кездесуі кезінде өздерін "тәуелсіз блогер" санайтын белсенділер Дмитрий Щелоков, Нұрәлі Айтеленов және Ринат Кибраевты полиция ұстаған еді. Белсенділер "Есімовтің кездесуіне бізді кіргізбеді, әкім өзінің жағымпаз блогерлерін ғана шақырған" деген наразылықтарын айтып, "Есімов, шық!" деп айғайлаған. Ол сол күні "бұзақылық" айыбымен 10 күнге қамауға алынды.

7 ақпан күні бір топ белсенді қазақстандық блогерлердің 10 күнге қамалуына наразылық білдіріп, баспасөз жиынын өткізді. Жиынға қатысқан Ғалым Ағелеуов "Блогерлердің ұстаудың өзі - заңсыз. Олардың не себеппен ұсталғаны туралы хаттама толтырылмаған. Әкімшілік сотқа олардың адвокаттары қатыстырылған жоқ. Қандай айыппен сотталып жатқаны да айтылмады. Ешқайсысының айыбы дәлелденбеді. Әкім мен блогерлер кездесуі өтіп жатқан жерге Дмитрий Щелоков журналист ретінде оқиғадан хабар таратуға барған" дейді Ағелеуов.

Әкім мен блогерлер кездесуінен соң әлеуметтік желілерде "әкіммен кездесуге тек билікшіл блогерлер ғана шақырылды" деген мазмұндағы жазбалар шықты. Алматылық блогердің бірі Владимир Лукашовтың осы кездесуге арнап салған карикатурасы да интернетке тарап кетті.
XS
SM
MD
LG