Accessibility links

Берлинде концлагерь туралы фильм көрсетілді


"Берлинале" кино фестивалі. Берлин, 6 ақпан 2014 жыл.
"Берлинале" кино фестивалі. Берлин, 6 ақпан 2014 жыл.
Берлинде өтіп жатқан "Берлинале" кино фестивалінде 9 ақпанда "Неміс концлагерлері туралы фактілер" деген деректі фильм көрсетілді.

Фильмді Ұлыбритания, АҚШ және совет кино операторлары 1944-1945 жылдары сол уақытта ғана тұтқындары азат етілген Берген-Бельзен, Дахау, Бухенвальд, Освенцим және басқа да концентрациялық лагерлерде түсірген. Фильм сол кезде Ұлыбритания ақпарат министрлігінің тапсырысымен, одақтастар оккупациялаған Германияда көрсету үшін монтаждалған. Оны түсіруге ұлыбританиялық және америкалық кинорежиссер Альфред Хичкок қатысқан.

Бірақ 1945 жылы саяси себептермен толық аяқталмай қалған фильмнің түсірілген сюжеттері 1952 жылы Ұлыбритания әскери мұражайына сақтауға беріледі. 1948 жылы оның бір бөлігі Берлин фестивалінде, кейін оның бір бөлігі телеарнадан "Лагерьлер туралы естелік" деген атпен көрсетіледі.

Әскери мұражай 2010 жылдан бастап үш жыл бойы фильм картиналарын қалпына келтіру жұмысын атқарып шыққан. Фильмнің сандық нұсқасы жасалып, қорытынды алтыншы бөлімі түсірілген.

Германияда антинацистік үгіт-насихат жүргізу үшін түсірілгендіктен деректі фильмнің бірқатар өзгешеліктері болды. Онда әуелі лагерлерде түрлі елдерден түрлі айыптармен сотталғандардың отырғаны атап өтіледі. Фильмде еврейлердің көзін жою бағдарламасы туралы айтылмайды.

Фильмдегі ең жантүршігерлік кадр Берген-Бельзенде түсірілген. Онда 1945 жылы сәуірде лагерь азат етілген кезде аштық пен сүзектен 10 мың адам өліп, 15 мыңға тарта адам өлімші халге түскені көрсетіледі. Әскери операторлар лагерьлердегі бұрынғы қабір қазушылардың жұмысын түсірген.
XS
SM
MD
LG