Accessibility links

Девальвация әлеуметтің сынына ұшырады


Девальвация әуресі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:10 0:00
Жүктеп алу

Теңге девальвациясы астаналықтарды да алаңдатты. 11 ақпан 2014 жыл. (Видео авторы - Өркен Жоямерген).

Теңгенің девальвациясы қарапайым тұтынушыларды қапы қалдырып, әлеуметтік желілерде көпшіліктің наразы реакциясын тудырды.

Астана тұрғыны Дина Оспанова теңге девальвациясынан бірнеше күн бұрын автокөлік сатып алуға келіскен. Ақпанның 11-і күні келісілген соманы бермек болған кезінде көлік иесі Динаға ақшаны доллармен алатынын айтқан.

«Бұған дейін 1 доллар құнын 154 теңгеден келіскенбіз. Соған көніп тұрған. Енді маған долларды 185 теңгеден ауыстырып бер дейді. Қазір доллар іздеп жүрмін. Бес-алты жерге бардым. Еш жерде жоқ. Бәрі жабық тұр» деп дейді Дина Азаттыққа шарасыз кейіпте.

Қазақстанның ұлттық банкі ақпанның 11-і күні теңгенің бұрынғы бағамы - 1 АҚШ долларына шаққанда 155 теңге деңгейінде ұстап тұру саясатынан бас тартып, айырбас бағамын бірден 185 теңгеге көтерді.

Сейсенбі күні жарияланған теңгенің девальвациясы бірқатар қазақстандықтардың
Қала тұрғыны Дина Оспанова ақша айырбастау орнында тұр. Астана, 11 ақпан 2014 жыл.
Қала тұрғыны Дина Оспанова ақша айырбастау орнында тұр. Астана, 11 ақпан 2014 жыл.
отбасылық бюджетіне салмақ түсіріп, бұған дейін «ақшаны ұлттық валютада сақтау» туралы кеңес айтып келген билік өкілдеріне деген сеніміне әсер етті. Сондай астаналық бір тұрғын Жанарбек Шахметов қолында бар азын-аулақ теңгесін бұдан былай долларға айырбастап отырмаса, ұтыламын деп қауіптенеді.

«Егер жоғарыда отырғандар: «Ештеңе болмайды» десе, міндетті түрде бірдеңе болады. Міне, болды. Аяқ астынан доллар өсіп кетті» дейді Жанарбек.

«ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТІН КҮШЕЙТУ»

Теңгенің девальвациясы жасалған күні Астанадағы бірқатар ақша айырбастау бөлімшелері доллар сатпай қалды. Кейбірі тіпті уақытша жабық тұрды. Ал екінші деңгейлі банктердің бірінде доллар 180 теңгеден сатып алынып, сату бағамы 205 теңгеге бір-ақ жетті. Мұндай ахуал Шымкент, Ақтау мен Ақтөбе сияқты облыс орталықтарында да байқалды.

Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов Алматыда өткізген баспасөз
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.
мәслихатында банк теңгенің бағамын 1 АҚШ долларына шаққанда 185 теңге көлемінде ұстап тұруға күш салатынын мәлімдеді.

Келімбетов ұлттық банк пен үкімет биыл инфляция деңгейін 6-8 пайыз көлемінде ұстап тұруға тырысатынын да айтты. Ол валюта айырбастау пункттерінің доллар бағасын Ұлттық банк белгілеген бағадан 2 теңгеге ғана қымбаттата алатынын, одан көп болған жағдайда лицензияларынан айырылуы мүмкін екенін де ескертті.

«Бұл өзгеріс теңгенің айырбас бағамының бәсекеге қабілетін күшейту үшін, Қазақстанның тауар өндірушілерінің, тауар экспорттаушылары мен импортты алмастыратын тауар шығарушылардың бәсекеге қабілетін күшейту үшін жасалды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп үшін жасалды» деді Келімбетов.

«СТАННАН АЙЫРАМ ДЕП ШТАННАН АЙЫРДЫ»

Теңге девальвациясы туралы хабарды қызу талқылаған Facebook әлеуметтік желісінің қолданушылары Ұлттық банк төрағасының уәжіне қарсы пікірлерін білдіріп жатты.

«Девальвация нені көрсетті? 2030 жылдың жұмысын тындырмағанымызды, 2050 жылға қарай қатты қарқынды дамып келе жатпағандығымызды, экономикалық даму деңгейіміздің «дамушы елдер» қатарында қалғанын көрсетіп берді. Ендігі
Ақша айырбастау орны алдынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.
Ақша айырбастау орны алдынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.
жерде немізбен мақтанамыз, Орта Азиядағы көшбасшы елміз деп...» деп жазады Қуандық Шамахайұлы есімді қолданушы.

Ұлттық валютаның құнсыздану себептеріне үңілген қазақстандықтар Кеден Одағы мен Ресей рублінің ықпалын жиі ауызға алады.

«Девальвацияны негізі барлығы күтті. Біздің мемлекет тауарларды импорттайтын болғандықтан теңгенің құлауы қымбатшылыққа соқтырады. Егер тауар экспорттайтын мемлекет болғанымызда бұл бізге тиімді болар еді. Бүгінгі девальвацияның негізгі себебі – Ресей рублінің курсы. Бір кедендік аймақта болған соң, бізге де осындай қадам жасауға тура келді. Ресейдің орталық банкі рубльді төмендету арқылы тауарларының бәсекеге қабілеттілігін арттырып жатыр. Ал Қазақстанда экономиканы әртараптандырмай жатып осылайша девальвация бола ма, жоқ па деп жүргеніміз жүрген» деп жазады Руслан Желдібай есімді қолданушы.

Ақпанның 11-ін «қара жамылған сейсенбі» (19-ғасырда АҚШ-та болған қаржы дағдарысын бейнелейтін «қара жұмамен» шендестіру – ред.) деп атай
Ақша айырбастау орны. Астана, 11 ақпан 2014 жыл.
Ақша айырбастау орны. Астана, 11 ақпан 2014 жыл.
бастағандар да бар. Айгерим Тукушева есімді қолданушы: «Қазақстанда қара сейсенбі туды. Банкоматтар істемейді, техника дүкендері де жабық, homebank пен е-gov операцияларын тоқтатты. Кешке дейін бармыз ба?» деп сұрайды.

Девальвация тақырыбы туралы әлеуметтік желіде айтылған шымшыма сөз бен уытты әзілдің қисабы жоқ. Өткен аптада ғана ел атауындағы «стан» жалғауын өзгерту туралы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысына меңзеген Asylzat Arystanbek есімді қолданушы: «Президент «станнан» айырам деп алдап отырып штаннан бір-ақ айырды-ау, ә» деп жазады.

Ал саясаткерлер мен қоғамдық белсенділер ұлттық валюта құнсызданған сәтті өз көзқарастары мен ой-пікірлерін әлеуметтік желі арқылы жалпыға жеткізу үшін барынша пайдаланып қалуға тырысты.

Мысалы саясаткер Әміржан Қосанов «қарапайым тұрғындарға ешкім алдын-ала ескертпеген валютаның мұндай құнсыздануынан соң» үкімет пен ұлттық банк басшылары отставкаға кетіп, оппозициялық күштер бірігуі тиіс деп жазды.

Ал қоғамдық белсенді, журналист Қасым Аманжолұлы маңызды саяси-экономикалық тақырыптарды айналып өтетін мемлекеттік БАҚ-ты:
«Кеше елге танымал бір телебағдарлама «ит төбелестіру» туралы айтып жатыр екен деп естіп ем... Құрметті әріптестер, енді бұзау сүзістіру, қораз тебістіру, мысық тырналастыру, қоңыз тірестіру, бит жарыстыру тақырыптарын қозғаңыздар. Тек девальвация туралы айтып қоймаңыздар» деп түйреп өтеді.

(Материалды әзірлеуге Өркен Жоямерген қатысты)
XS
SM
MD
LG