Accessibility links

Оңтүстікте Сырдария деңгейі көтерілді


Сырдария өзені үстіне жиналған мұз. Оңтүстік Қазақстан облысы, 11 ақпан 2014 жыл. (Сурет облыстық төтенше жағдайлар депратаментінен алынды).
Сырдария өзені үстіне жиналған мұз. Оңтүстік Қазақстан облысы, 11 ақпан 2014 жыл. (Сурет облыстық төтенше жағдайлар депратаментінен алынды).
Сырдария өзеніне жақын орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданы Қожатоғай ауылының жайылымдық жерлерін су басты. Бұл туралы Азаттық тілшісіне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлімдеді.

Департаменттің хабарлауынша, Көксарай су реттегіш шлюзі маңын сең басқан. Шардара су қоймасынан қазір Сырдария өзеніне секундына 900 текше метр су ағып келіп жатыр. Осының салдарынан Арыс ауданы Қожатоғай поселкесінің жайлымдық жерлерін су алған. Осы маңдағы бөгетте де су деңгейі көтеріліп, сең пайда болған. Бөгетті нығайту үшін 3 жүзден аса адам тартылып, 23 техника жұмылдырылды. 12 мың құм салынған қаптар тасылып, дамбы жасалды.

Төтенше оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, Сырдариядағы су деңгейі бақылауға алынған.

Бірақ әлі де болса Көксарай су реттегішінің басты торабынан Қожатоғай ауылына дейін және ауылдан Қызылорда облысының шекарасына дейін өзеннің бетінде мұз қатып тұр. «Алайда одан елді мекендерге төнетін қауіп жоқ, бөгетті бекіту жұмыстары әлі жалғасып жатыр, мамандар мұзды қай тұстан жару керектігін анықтауға кірісті" дейді төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.
XS
SM
MD
LG