Accessibility links

Наразы топ Алматы әкіміне хат әкелді


Теңгенің құнсыздануына наразылар қала әкімдігінің алдына жиналды. Алматы, 13 ақпан 2014 жыл.

Теңгенің құнсыздануына наразылар қала әкімдігінің алдына жиналды. Алматы, 13 ақпан 2014 жыл.

Бүгін Алматы қаласы әкімдігі кеңсесіне келген бір топ адам теңгенің күрт құнсыздануына байланысты наразылықтарын білдіріп, қала әкімі Ахметжан Есімовке хат тапсырды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, әкімдікке келгендердің арасында қоғамдық белсенділер Қанағат Тәкеева, Жасарал Қуанышәлин, эколог Мэлс Елеусізов және басқа адамдар болған.

Жиналғандар әуелі Есімовпен кездесуді талап еткен. Бірақ оларға шыққан қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы әкімнің қалада жұмыстармен жүргенін айтқан. Бірақ кейін қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов жиналғандарға Есімовтің Астанаға ұшып кеткенін айтып, әкімге келгендердің хаттарын қабылдап алды. Наразылар қаладағы базарларда тауар бағаларының қымбаттап кеткенін айтып, Есімовтен бағаның қымбаттауына бақылау жасауды талап еткен.

Ұлттық банк ақпанның 11-і күні теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тартып, доллар бағамын 185 теңге деп белгілеген еді.

Ақпанның 11-і күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов теңгенің құнсыздануын "әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықпен, Ресей рублінің арзандауымен" түсіндірген.

Девальвацияға наразылар кеше де Алматыда қалалық әкімдікке, Ұлттық банкке барып, қарсылықтарын білдірген.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG