Accessibility links

Ипотекалық несиелер бойынша жұмысшы тобы құрылды


Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов баспасөз жиынында. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов баспасөз жиынында. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

Қазақстанның Ұлттық банкі ипотекалық несие алғандардың мәселесін шешумен айналысатын жұмысшы тобын құрды деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

- Шетел валютасымен берілген несиелер шамамен 20 пайызға қымбаттады. Девальвацияны ескере отырып несие мөлшерлемелерін қайта қарау керек. Бұған Ұлттық банк жауапты. Тұтынушылар құқықтарын қорғаумен банк айналысады, - деді банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов.

Ұлттық банктің хабарлауынша, жұмысшы тобының құрамына несие алғандардың құқықтарын қорғаумен айналысатын қоғамдық бірлестіктер, Қазақстан қаржыгерлері ассоциациясы мен "даулы несиелері көп" екінші деңгейлі банктер кіреді.

Ұлттық банк ақпанның 11-і күні теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тартып, доллар бағамын 185 теңге деп белгілеген еді. Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов теңгенің құнсыздануын «әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықпен, Ресей рублінің арзандауымен» түсіндірген. Теңгенің күрт құнсыздануы несиесін доллармен алған тұтынушыларға қиын тиді.

Ақпанның 12-сі мен 13-і күндері Алматыда ондаған белсенді Ұлттық банк алдында наразылық танытып, Қайрат Келімбетовтің отставкаға кетуін талап еткен еді.
XS
SM
MD
LG