Accessibility links

Астанада "Антигептил" белсенділері ұсталды


Астанада жүгіру акциясын өткізген "Антигептил" қозғалысының 13 белсендісін полиция ұстады.

Қозғалыс мүшесі Серік Балтабектің айтуынша, олар Астанадағы "Жастар" сарайынан "Қазақ елі" монументіне дейін жүгіріп өтпек болған. Ол:

- Мақсатымыз салауатты өмір салтын насихаттау арқылы Ресейдің гептилмен ұшатын зымырандарына қарсылық білдіру болды. Осы жүгіру акциясымен гептил проблемасына ел назарын аударуды көздедік, - дейді.

"Антигептил" деген жазуы бар сары форма киген қозғалыс белсенділері "Қазақ жерін ластама!" деген ұранды айғайлап жүгірген. Оларды "Жастар" сарайынан шығып, Республика көшесіне түскенде екі автобуспен келген полиция жасағы ұстаған. Белсенділермен бірге акцияны түсіруге барған Азаттық тілшісі Өркен Жоямергенді және тағы екі журналисті полиция Астанадағы Алматы ауданы ішкі істер бөліміне апарған.

Журналистерді полиция бөліміне апарғаннан кейін босатқан. "Антигептил" қозғалысының белсенділеріне әкімшілік кодекстің 473-бабы, 1-тармағы бойынша бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлдар салған. Қозғалыс белсендісі Болатбек Біләлов:

- Полицияның өздерін босатқанын, жүгіріп келе жатқан белсенділер полиция автобустары келгенде көшенің екінші бетіне өткендіктен, оларға "жаяу жүргiншiлердiң жол қозғалысы ережелерiн бұзғаны үшін" айыппұл салынғанын" айтты.

Астана қаласының Алматы аудандық ішкі істер бөлімінің өкілі Азаттық тілшісінің "белсенділер не үшін ұсталды?" деген сұрағына "кейін айтамыз" деп жауап берді.

2013 жылы 2 шілде күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді.

Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болды. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.

Апаттан кейінгі айларда қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен бірнеше акция өткізді.
XS
SM
MD
LG