Accessibility links

Наразылық танытқан үш әйелге сот айыппұл салды


Теңге девальвациясына наразылық білдіріп алаңға шыққанда ұсталған Жанна Байтелова, Евгения Плахина және Валерия Ибраева (алдыңғы қатарда солдан оңға қарай) әкімшілік сот кеңсесі алдында тұр. Алматы, 16 ақпан 2014 жыл.
Теңге девальвациясына наразылық білдіріп алаңға шыққанда ұсталған Жанна Байтелова, Евгения Плахина және Валерия Ибраева (алдыңғы қатарда солдан оңға қарай) әкімшілік сот кеңсесі алдында тұр. Алматы, 16 ақпан 2014 жыл.
Бүгін Алматыда теңге девальвациясына наразылық білдіріп орталық алаңға шыққан үш әйелге айыппұл салынды. Алматының мамандандырылған әкімшілік соты Жанна Байтелова, Евгения Плахина және Валерия Ибраеваның әрқайсысына «ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (18520 теңге, немесе шамамене 100 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Үшеуін де түс кезінде орталық алаңнан полиция ұстап әкеткен еді. Ибраева бас киімінің сыртынан әйелдің шілтерден тоқылған шолақ дамбалын киіп алғаны үшін, ал Байтелова мен Плахина - тәуелсіздік ескерткішіне әйелдің ішкиімін қоймақ болғандары үшін ұстаған.

- Біз осы арқылы мемлекет девальвация жасап бізді мүлде лыпасыз қалдырғанын айтқымыз келген еді. Қазір құқықтарымыздың барлығы аяққа тапталып жатыр, енді тіпті не киетінімізді де өздері шешпекші (бұған дейін Кедендік одақ аумағында «регламентке сай емес» деп танылған шілтер ішкиімді шығаруға, енгізуге және сатуға тыйым салынған. - Ред.), - деді Жанна Байтелова әкімшілік соттан шыққан соң телефон арқылы Азаттыққа.

Алматыда соңғы екі күні бойы кейбір азаматтар девальвацияға қарсылық білдіріп, көшеге шықты. Екі күн ішінде қырыққа жуық адам ұсталып, олардың біреуі сот шешімімен 10 тәулікке қамалды, ұсталғандардың көпшілігіне әкімшілік айыппұлдар салынды.

Ақпанның 11-і күні Қазақстан Ұлттық банкі ұлттық валюта - теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тартқан соң, теңгенің бағамы күрт түсіп кетті. Сол күнге дейін 155-156 теңгенің төңірегінде болған 1 АҚШ долларының бағамын Ұлттық банк 185 теңге деп белгілеген еді.
XS
SM
MD
LG