Accessibility links

"Боко Харам" шабуылынан Нигерияда 90 адам өлді


Нигериядағы "Боко Харам" ұйымының мүшелері мәлімдеме жасап тұр. (Көрнекі сурет)
Нигериядағы "Боко Харам" ұйымының мүшелері мәлімдеме жасап тұр. (Көрнекі сурет)
Нигерияның солтүстік шығысындағы Борно штатының қашық ауылдарының біріне "Боко Харам" исламшыл тобының жауынгерлері шабуылдап, 90-ға тарта адамды өлтірді деп хабарлайды оқиғаға куә болғандарға сілтеме жасаған Reuters агенттігі.

Куәгерлердің айтуынша, Камерунмен шекараға жақын маңдағы Изге ауылын қоршауға алған қарулы топ адамдарға оқ жаудырып, жарылыстар жасап, үйлерді өртей бастаған. Куәгерлердің бірі агенттікке террористерден қорыққан тұрғындар мерт болған адамдардың денелерін жинай алмай, қашып кетіп жатқанын айтқан.

Борно штаты полициясының комиссары Лаваль Танко шабуыл жасалғанын растағанымен, қанша адам қаза болғанын айта алмады.

Нигерия президенті Гудлак Джонатан мамыр айында елдің солтүстік-шығысына ондағы исламшыл бүлікшілерді басу үшін қосымша әскер жіберуге шешім қабылдаған еді. Бірақ исламшыл содырлар Камерунмен шектес қыратты аймаққа қарай шегініп, сол жерден бейбіт тұрғындарға қарсы шабуылдарын бастаған.

Исламшылдар елдің мұсылмандары басым солтүстік аймағын Нигериядан бөліп алуды көксейді.

"Боко Харам" жауынгерлері өткен аптада әскери көлік етіп безендірілген жүк көлігімен Борно штатының Кондуга қаласының әкімшілігіне шабуылдап, 51 адамды мерт еткен еді.
XS
SM
MD
LG