Accessibility links

Киевте жараланған журналист қаза болды


2014 жылы 19 ақпанға қараған түні Киев Майданында болған қақтығыстар.

2014 жылы 19 ақпанға қараған түні Киев Майданында болған қақтығыстар.

Киевте ауруханада сәрсенбіге қараған түні шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыс кезінде оқ тиіп жараланған "Вести" газетінің журналисі Вячеслав Веремий қайтыс болды. Бұл туралы "Громадьске ТВ" телеарнасы тікелей эфирде хабарлады.

Украиналық ақпарат құралының хабарлауынша, журналисті ол мінген такси бағдаршамға тоқтаған кезінде көліктен шығарып алып ұрып-соғып, кеудесінен атқан. Журналиске кім шабуыл жасағаны белгісіз.

"Еуромайдан" белсенділері мен ақпарат құралдарының өкілдері журналиске жасалған шабуылға милицияны қолдайтын, "титушка" деп аталатын астыртын топтың қатысы бар болуы мүмкін дейді.

Украинаның бұқаралық ақпарат институтының деректері бойынша, Киевте соңғы бір тәулікте 27 журналист зардап шеккен.

Ақпанның 18-і күні билік Майданда тұрған шерушілерге алаңды сағат 18.00-ге дейін босату туралы талап қойып, аталған мерзімнен соң "тәртіп орнату үшін барлық заңды шараларды қолданылатынын" ескерткен еді. Белгіленген уақыт өткен соң алаңды демонстранттардан босату үшін көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқпен атқан полицияға шерушілер қарсылық көрсетіп, оның соңы екі жақтан да адам қаза болған қақтығыстарға ұласты. Қақтығыстардан 18 адам мерт болған.

Украина ішкі істер министрлігі қақтығыстар салдарынан 184 полиция қызметкері жараланғанын, олардың 35-і ауыр халде екенін хабарлады. Қала билігі шерушілерден 200-ден астам адамның жарақат алғанын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG