Accessibility links

Ұлттық банк жұртты сабырға шақырды


Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов бүгін Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, салымшыларды кейбір банктердің банкроттыққа ұшырауы туралы ақпараттарға сенбеуге және оған бола дүрлікпеуге тағы шақырды.

Келімбетовтің айтуынша, "салымшылардың алаңдауына негіз жоқ". Ол қазақстандық барлық банктерде теңгелей және шетел валютасы түрінде де қаржы жеткілікті екенін айтып, "банктердің ешқайсысына банкрот болу қаупі төніп тұрмағанын" мәлімдеді.

Ұлттық банк бүгін бұған қоса ұялы телефон операторлары арқылы тұрғындарға SMS хабарлама жіберді. Онда "қазақстандық банктердің жағдайы туралы жалған ақпарат - арандатушылық және ол Қазақстанның банк жүйесін тұрақсыздандыруды көздейді" делінген.

17 ақпанда Қазақстанда SMS хабарламалары және WhatsApp арқылы екінші деңгейлі үш банк - Kaspi Bank, "Альянс банк" және "ЦентрКредит банкі" "банкроттыққа ұшырайды" деген ақпарат тараған еді.

Бұл хабардан соң кейбір банктердің жергілікті бөлімшелерінде депозиттері мен банкке салған ақшаларын алмақшы болған адамдар екінші күн бойы үлкен кезекте тұр.

Кеше Kaspi Bank, "Альянс банк" және "ЦентрКредит банкі" ресми сайттарында банкроттық туралы ақпараттың жалған екені туралы мәлімдеп, полицияға ол хабарды таратушыларды табуды сұрап жүгінгендерін хабарлаған.
XS
SM
MD
LG