Accessibility links

"Еуромайдан" шерушілер өлімін тексеруді талап етті


Милициямен қақтығыстарда жараланған шеруші. Киев, 20 ақпан 2014 жыл.

Милициямен қақтығыстарда жараланған шеруші. Киев, 20 ақпан 2014 жыл.

"Еуромайдан" белсенділері Украина ішкі істер министрі міндетін уақытша атқарушы Арсен Аваковтан Киевтің орталығындағы Институтский көшесінде қаза тапқан демонстранттардың өліміне қатысты дереу тергеу жүргізуді талап етті.

"Еуромайдан SOS"-тың Facebook-тегі парақшасында жариялаған хабарламасында оқиға болған жерде әлі күнге дейін сарапшылар жоғы, көше қоршауға алынбағаны, қылмыс іздерінің көпшілігі өшірілгені айтылады.

"Сіздің елдегі жағдайға әлі ықпал ете алмаймын деп ақталуыңыз Киевте орынсыз" делінген хабарламада.

Арсен Аваков бұған дейін министрлік пен облыстық ішкі істер басқармаларының бірнеше қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру басталғанын айтқан.

Оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко Украина құқық қорғау органдарында люстрация жүргізуге шақырды. Оның айтуынша, люстрация халықтың милицияға деген сенімін қалпына келтіру үшін қажет.

Ол бұған қоса Киевтегі қантөгістерге қатысы барлардың бәрі де жазаланады деп уәде берді.

Ресми дерек бойынша, Украинада 18 ақпанда басталған демонстранттардың милициямен қақтығыстары салдарынан 82 адам қаза тапқан.

Украинадағы адам құқықтарының бұзылуын ескерут және тергеу жөніндегі қоғамдық комиссия демонстранттарға қарсы заңсыз күш қолдануға қатысы бар лауазымды тұлғалардың тізімін жасай бастады. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, тізімге президент Виктор Янукович, премьер-министр қызметін уақытша атқарушы Сергей Арбузов, бірқатар министрлер мен депутаттар, Қырым және Харьков облыстарының басшылары енгізілген.
XS
SM
MD
LG