Accessibility links

Мәскеуде сотта жүзге жуық адам ұсталды


Полиция Замоскворецк соты алдынан белсенділерді ұстап әкетіп жатыр. Мәскеу, 24 ақпан 2014 жыл.
Полиция Замоскворецк соты алдынан белсенділерді ұстап әкетіп жатыр. Мәскеу, 24 ақпан 2014 жыл.
Бүгін Мәскеуде "Болотная ісі" бойынша айыпталған сегіз адамның үстінен үкім шығатын Замоскворецк сотында полиция жүзден астам адамды, оның арасында оппозиционерлер Алексей Навальный мен Илья Яшинді ұстап әкетті.

Ұсталғандардың барлығы "қоғамдық тәртіпті бұзуға әрекет жасады" деген айыппен полиция бөлімшелеріне жеткізілді деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің Мәскеу қалалық басқармасына сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі.

Сот ғимараты маңына мыңға тарта адам жиналған. Олар "Еркіндік!", "Босат!" "Ресей, Ресей!" деп ұрандап тұр. Топ ішінде Ресей туын ұстағандар да бар.

ОМОН мен полиция адамдарды әлі де тұтқындап әкетіп жатыр. Куәгерлердің айтуынша, жиналғандар тұтқындауға кедергілер келтірмек болғанымен, полиция оларды тықсырып барады.

Оппозиционер Борис Немцовтың айтуынша, сотқа ОМОН жасақтары, ішкі әскер мен полицияның тартылуы билік наразылықты басып-жаныштауға дайындалып жатқанын білдіреді. Оның пікірінше, билік сот үкімі шығатын күнді әдейі Сочидегі олимпиада ойындары аяқталған күннің ертесіне қойып отыр.

2012 жылы 6 мамырда Мәскеудегі Болотный алаңында оппозицияның акциясы шерушілер мен полиция арасында қақтығысқа ұласып, осы оқиғаға байланысты қозғалған, кейін «Болотный ісі» деп аталып кеткен іс бойынша 30-ға жуық адамға айып тағылған болатын. Олардың үшеуі сотталды. Бірнеше адам Ресей конституциясының 20 жылдығына байланысты Мемлекеттік дума жариялаған рақымшылыққа ілінген еді.

21 ақпанда сот сегіз белсендіні жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деп кінәлаған. Прокурорлар оларды бес жылдан алты жылға дейін түрме жазасын тағайындауды сұраған. Бірақ айыпталугылардың адвокаттары олардың толық ақталуын сұрайды.

Құқық қорғаушылар демонстранттардың полициямен қақтығысын билік өзі арандатқан және оның саяси астары бар деп санайды.
XS
SM
MD
LG