Accessibility links

Еуромайдан үкіметке талаптарын қойды


Еуромайданның тәуелсіздік алаңына тіккен шатырлары. Киев, 24 ақпан 2014 жыл.

Еуромайданның тәуелсіздік алаңына тіккен шатырлары. Киев, 24 ақпан 2014 жыл.

Украина үкіметі партия айтқанымен жүретіндерден емес, абыройы таза кәсіпқой адамдардан құрылуы тиіс. Еуромайданның "Сенім тобы" жариялаған мәдімдемеде осындай талап қойылды.

Еуромайданның талабы бойынша, министрлер кабинетіне елдегі ең бай жүз адам, 2010 жылдан бері биліктің атқарушы органдарын басқарғандар мен президент әкімшілігінде қызмет істегендер кіре алмайды. Министрлер тиісті саласында кемінде жеті жыл, оның ішінде бес жыл басшылық қызмет атқаруы тиіс. Бірақ бұл талаптар күштік құрылымдар - ішкі істер министрлігі, қорғаныс министрлігі және ұлттық қауіпсіздік қызметіне жүрмейді.

Еуромайдан өкілдері министрлік лауазымына үміткерлердің адам құқықтарын бұзуға және коррупцияға қатысы бар-жоғы тексерілетінін айтады. "Сенім тобы" басшылық қызметтен үміттенбейтінін айтады.

Украина министрлер кабинетінің жаңа құрамы бүгін Жоғарғы Раданың отырысында аталуы тиіс.

Кеше Жоғарғы Рада спикері Александр Турчинов Украина экономикасы апатты жағдайда тұрғанын айтып мәлімдеме жасаған еді. Ол "Бір де бір министрлік пен ведомство Украина конституциясы мен заңдары бойынша жұмыс істемей жатыр және министрлер кабинеттерін тастап кетіп қалды. Қазынада ақша жоқ. Барлық экономикалық баланстар бұзылған" деген.

Украина премьер-министрі қызметіне бірден бір үміткерлер қатарында Арсений Яценюк пен Петр Порошенко бар. Юлия Тимошенко бұған дейін өзін премьерлікке үміткер деп санамауды сұраған.

Арсений Яценюк кеше болашақ үкімет құрамына "Еуромайдан өкілдері де кіргізілуі тиіс" деген.
XS
SM
MD
LG