Accessibility links

Турчинов: Украинада сепаратизмге жол бермеу керек


Украина президенті міндетін уақытша атқарушы Александр Турчинов.
Украина президенті міндетін уақытша атқарушы Александр Турчинов.
Украина президентінің міндетін атқарушы Жоғарғы Рада спикері Александр Турчинов 25 ақпанда күштік құрылым ведомстволарының басшыларымен өткізген жиында елде сепаратизмге жол бермеу мәселелерін талқылады.

Бас прокурор міндетін атқарушы ретінде Олег Махницкийді таныстырған Турчинов прокурорларды елдің бөлінуін алдын-алуға шақырды. Ол елдегі қазіргі саяси тұрақсыздықты "Украинаны жек көретіндер мен оны бөлшектегісі келетіндер пайдаланып қалатынын" айтты. Турчиновтың сөзінше, "елді бөлу әрекетіне бірден тосқауыл қою қажет".

Олег Махницкий кеше Жоғарғы Рада биліктен шеттеткен президент Виктор Януковичке қылмыстық кодекстің "қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша іздеу жарияланғанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, "жаппай кісі өлтіру фактісіне 50 адамның қатысы бар" және бұрынғы бас прокурор Виктор Пшонкаға да іздеу жарияланған.

Кеше Украина мемлекеттік күзет басқармасы басшысы, президенттің үкіметтегі өкілі, президенттің 40-тан астам кеңесшісі, балалар құқықтары жөніндегі омбудсмені қызметтен босатылып, басқа да кадрлық өзгерістер жасалған.

Жоғарғы Рада елде 25 мамырда кезектен тыс президент сайлауымен қоса мэр және Киев қаласы басшысын сайлауын өткізуді белгіледі.
XS
SM
MD
LG