Accessibility links

ЛДПР: Жириновскийдің сөзі дұрыс түсіндірілмеген


Ресей мемлекеттік думасының депутаты, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский.

Ресейдің Либералдық-демократиялық партиясы жетекшілері Владимир Жириновскийдің Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанға қарата айтқан сөздеріне қатысты түсінік берді.

Tengrinews сайтына сұхбат берген партияның баспасөз қызметінің жетекшісі Юрий Рыжовтың айтуынша, Жириновскийдің Орталық Азия елдерін Ресей федерациясы құрамына кіргізу туралы айтқан сөздері "дұрыс түсіндірілмеген".

"Бұл негізгі ойды білдіретін сөздерден үзіп алынған. Әңгіме Украинадағы соңғы оқиғаларға байланысты Ресей мен постсоветтік елдердің барлығының геосаяси қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғаны туралы болған. Сондықтан егер Орталық Азия елдері сыртқы күштер тарапынан қауіп көріп, өздерін қорғауды қажет етсе, онда онда мұны істеуге болады деген сөз. Жириновский бұл елдердің Ресей құрамына кіру ниеті, яғни Совет одағын қалпына келтіру ынтасын да жоққа шығармаған. Оның сөзінде ешқандай аннекциялап алу пиғылы жоқ. Жириновский барлық республикалардың, оның ішінде өзі туған Қазақстанның егемендігін қатты құрметтейді" деген Рыжов.

Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский ақпанның 23-і күні Мәскеуде сөйлеген сөзінде Украинадағы жағдайды айыптап, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне де күмән келтірген. Ол "Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді" дей келе, "Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту" жайын да айтқан.

Ресей сыртқы істер министрлігі кеше Жириновскийдің сөзіне қатысты ұстанымын білдіріп, Қазақстан мен Ресей арасында 1992 жылы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім жасалғанын, ал өткен жылы екі ел арасында 21 ғасырдағы тату көршілік және одақтастық келісіміне қол қойылғанын айтқан. Министрлік "мұндай берік құқықтық негіздер екі ел қатынастарын саясаткерлердің аңдамай айтқан, қауіпті мәлімдемелерінен қорғайтынына сенімді" екенін білдірген.
XS
SM
MD
LG