Accessibility links

Сенатор Жириновскийді елге кіргізбеуді сұрады


Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский.

Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский.

Қазақстан парламенті сенатының депутаттары премьер-министр Серік Ахметовтен Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері Владимир Жириновскийдің Қазақстанға кіруіне тыйым салуды сұрады деп хабарлайды "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.

Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский ақпанның 23-і күні Мәскеуде сөйлеген сөзінде Украинадағы жағдайды айыптап, Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігіне де күмән келтірген. Ол "Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді" дей келе, "Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту" жайын да айтқан.

Сенатор Орынбай Рахманбердиев Ахметовтің атына жолданған сауалда премьерден Жириновскийді Қазақстан аумағына кіргізбеу және мемлекеттік ақпараттық кеңістігін мұндай арандатушылық мәлімдемелерден қорғау шараларын жасауға тапсырма беруді сұраған.

Сенатор Жириновскийдің "Орта Азия федеративтік округі" сөзін Қазақстан немесе Орталық Азия елдерінің егемендігі, тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына қол сұғушылықтан басқа мағынада түсіну мүмкін емес дейді.

Оның айтуынша, "Жириновскийдің сөзі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатына сай келуі былай тұрсын, халықаралық құқық нормалары мен принциптеріне де қайшы келеді".

Бұған дейін мәжіліс депутаты Николай Логутов та Владимир Жириновскийдің Қазақстанға кіруіне тыйым салуға шақырған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 24 ақпан күні Жириновскийдің сөзіне ресми баға беруді сұрап, Ресей сыртқы істер министрлігіне нота әзірлегенін хабарлаған.
XS
SM
MD
LG