Accessibility links

Янукович Ресейден өзін қорғауды сұрады


Украинаның биліктен кетірілген президенті Виктор Янукович.
Украинаның биліктен кетірілген президенті Виктор Янукович.
Украинаның биліктен кетірілген президенті Виктор Янукович өзін әлі де елдің "заңды президенті" деп санайтынын айтып, мәлімдеме жасады деп хабарлайды ресейлік ақпрат құралдары.

Ақпарат құралдарына жіберген мәлімдемесінде Янукович Ресей билігінен өзін "экстремистердің іс-әрекетінен қорғауды" сұраған. Ол Украина парламенті қабылдаған шараларды заңсыз деп, елдің оңтүстік-шығыс және оңтүстік аймақтары "заңсыздықтарды қабылдамайтынын" айтады.

Виктор Януковичті 22 ақпанда Украина парламенті биліктен шеттеткен еді. Содан бері оның қайда жүргені белгісіз болып келген.

Бұған дейін ресейлік РБК ақпарат агенттігі ресейлік ірі бизнесменге сілтеме жасап, Янукович 26 ақпанға қараған түні Мәскеуге барып, одан "Барвиха" санаториіне кеткені туралы хабарлаған еді. Агенттік бұл ақпаратты үкіметтің жоғары шенді өкілі де растағанын айтқан. Бірақ Ресей үкіметінің өкілдері Украинаның биліктен кетірілген президенті Виктор Янукович Мәскеу маңындағы "Барвиха" санаториіне түсті деген ақпаратты жоққа шығарды.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей әлі де Украинаның заңды президенті деп танитын Януковичтің қайда екені туралы ақпараты жоғын айтты

Ресей президенті әкімшілігінің мүлік департаментінің баспасөз хатшысы Виктор Хреков те Януковичтің президент әкімшілігіне қарасты "Барвиха" санаториінде жатқаны туралы ақпараты жоғын мәлімдеді.

Үкіметтегі аты-жөнін атамаған дереккөзіне сілтеме жасаған ресейлік ақпарат құралдары Ресейдің Януковичтің жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келіскенін хабарлады.
XS
SM
MD
LG