Accessibility links

Түркияда дағдарыс ушығып, Ердоған қаһарлана түсті


Түркия премьер министрі Режеп Тайып Ердоған. Брюссель, 21 қаңтар 2014 жыл.
Түркия премьер министрі Режеп Тайып Ердоған. Брюссель, 21 қаңтар 2014 жыл.

Интернетке Түркия премьерінің телефон әңгімесі шықты. Онда Ердоғандікіне ұқсайтын дауыс «үйдегі ақшаны тергеушілерден жасыру» туралы тапсырма береді. Елдегі саяси дағдарыс ушыға түсті.

Түркияны дүр сілкіндірген жемқорлыққа қатысты кикілжің осыған дейін премьер Ердоғанның маңайындағы тұлғаларды шыр айналдырып келген еді. Бұл жолы үкімет басшысының өз басы дауға ілінді.

ЕРДОҒАНДЫ АШУЛАНДЫРҒАН «ТАСПА»

Ақпанның 24-і күні беймәлім біреу интернетке «Ердоғанның ұлы Біләлмен тілдесуі» деген аудиожазба жариялады.

Телефон әңгімесінде Ердоғандікіне қатты ұқсайтын дауыс екінші адамға «тергеушілерге көрсетпеу үшін үйдегі ондаған миллион долларды басқа жаққа жасыру» туралы тапсырма береді.

Ердоғанның ұлы Біләл. Түркия, 21 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ердоғанның ұлы Біләл. Түркия, 21 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Премьер-министр бұл аудиожазбаны «жалған таспа» атаса, елдегі басты оппозициялық саяси күш – Республикалық халықтық партия жазбаның шынайы екені расталғанын хабарлады.

Бұл – Түркия билігін былтырдан бері тығырыққа тіреген саяси дағдарыстың одан сайын ушыққанын көрсетеді. Үкіметтегілердің «құпиясын ашатын» деректер жарияланған сайын Ердоған «әшкерелеушілерге» өшіге түсті.

«ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ҰҚСАП БАРАДЫ»

«Әшкерелеушілер» үкіметтің өз ішіндегі «жансыздар», соның ішінде қауіпсіздік күштерінің адамдары болғандықтан, бұл дағдарыс үкіметтің өз ішіндегі қақтығысқа көбірек ұқсап барады. Ердоған мемлекеттік институттарға бақылауды күшейтіп барады, ал мұның қайда барып тірелетінін болжап білу қиын болып тұр.

Британиядағы Мидлсекс университетінің (Middlesex University) Түркия жөніндегі сарапшысы Тунж Айбак:

Түркияның оппозициялық Республикалық халықтық партиясы жақтастары "Ердоғанның ақшасы" атты акция өткізіп тұр. Стамбул, 26 ақпан 2014 жыл.
Түркияның оппозициялық Республикалық халықтық партиясы жақтастары "Ердоғанның ақшасы" атты акция өткізіп тұр. Стамбул, 26 ақпан 2014 жыл.
- Ердоған билігін күшейткен сайын бұл төтенше жағдайға ұқсап барады. Жемқорлық туралы айыптаулар басталғалы ол прокуратура және құқық қорғау органдарының жұмысына тікелей араласып отыр. Прокурорларды қызметінен алып, жаңа ережелер енгізе бастады. Мәселен, оның партиясы интернетті бақылауға алу, барлау қызметін премьерге тікелей бағынышты ету туралы жаңа заң жобаларын ұсынды, бұл олардың сот алдындағы жауапкершілігін мүлде азайтып жіберді, - дейді.


«МЕМЛЕКЕТ ІШІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТ»

Ердоған "құқық қорғау саласына және ақпарат құралдарының арасында мемлекет ішіндегі мемлекет" пайда болғанын айтып, өзіне қарсы шабуыл жасағандарды айыптаған еді. Ол осы арқылы сөз байласқан әлдебіреулердің елдегі тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырғанын дәлелдеуге тырысып, өзінің билікті күшейту әрекеттерін ақтап алғысы келді.

Фетхуллах Гүлен.
Фетхуллах Гүлен.
Ердоған риторикасында «жау» есімі аталмаса да, түріктер оның АҚШ-та тұрып жатқан ықпалды діни тұлға Фетхуллах Гүленді айтып жүргенін түсініп отыр.

Түркиядағы жекеменшік мектептерге иелік ететін Гүлен қозғалысы әу баста Ердоғанның діни консервативтік «Әділет және даму» партиясымен одақтас болып, тіпті 2003 жылы оның билік басына келуіне көмектескен. Алайда кейіннен билікті бөлісу кезінде ымыраға келе алмаған екі одақтас арасына жік түсті. Араздыққа Ердоғанның авторитарлық басқару стилі де ықпал етті.

ГҮЛЕН МЕКТЕПТЕРІНЕ ТЫҚЫР ТАЯНДЫ МА?

АҚШ-та орналасқан Teneo Intelligence зерттеу орталығының Түркия жөніндегі сарапшысы Вольфанго Пикколидің айтуынша, «Ердоғанның жеке басына жасалған шабуылға жауап ретінде үкімет Гүленнің мектептер желісіне қысым жасауы мүмкін».

- Енді Түркиядағы университеттерге түсу үшін оқушыларды дайындық курсынан өткізетін мектептерді жабу процесі жеделдеуі мүмкін. Ал бұл мектептер Гүлен қозғалысы үшін шешуші рөл атқарады. Себебі, біріншіден, бұл орта мектептер - қомақты табыс көзі. Екіншіден, Гүлен қозғалысының қатарын көбейтуге таптырмас құрал. Сондықтан, бұл мектептерді жабуға мүмкіндік беретін заң жобасы тез арада қабылдануы мүмкін, - дейді Пикколи.

Гүлен (сол жақта) мен Ердоғанның одақтас кезі.
Гүлен (сол жақта) мен Ердоғанның одақтас кезі.
Гүлен мектептері оқушыларды университетке түсетін ұлттық емтиханға даярлаумен айналысады. Түркия парламентінде «Әділет және даму» партиясы көпшілік орынды алып отыр. Парламент келесі оқу жылынан бастап мұндай даярлық мектептерін мемлекеттің бақылауына алуды көздейтін заң жобасын мақұлдауы ықтимал.

Саяси дағдарыс басталғалы бері түріктер елдегі негізгі проблемаларға алаңдай бастады. Елді толғандыратын басты мәселелер – жемқорлықпен күресу, мемлекеттік институттардың Ердоғаннан тәуелсіздігін күшейту және премьер-министрдің авторитарлық басқару әдісіне тойтарыс беру.

САЙЛАУ РЕФЕРЕНДУМ РӨЛІН АТҚАРМАҚ

Дағдарыс 2013 жылы желтоқсандағы оқиғадан басталған. Прокурорлар ядролық бағдарламасына байланысты халықаралық санкциялардың құрсауында отырған Иранмен Түркия арасындағы саудаға қатысты тергеу бастаған еді. Түркия шенеуніктері санкция тыйымдарын айналып өтіп, Иранмен миллиондаған доллар сауда жасаған деген болжам бар.

Содан бері дағдарыс ушыға түсті. Үкімет пен "мемлекет ішіндегі мемлекеттің" қақтығысы жұрт назарын аударып қана қоймай, қарапайым азаматтардың наразылығын тудыра бастады.

Ердоған үкіметіне қарсы шерудің бірі. Стамбул, 18 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ердоған үкіметіне қарсы шерудің бірі. Стамбул, 18 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
- Былтыр жаздан бері Анкара, Стамбул сияқты ірі қалаларда наразылық шаралары өтіп келеді. 11-12 қаланың тұрғындары Түркиядағы жемқорлыққа наразылық білдіріп, көшеге шықты. Олар екі ықпалды күштің арасындағы қақтығыстан шаршап, ел болашағы бұдан ары қалай болады деп алаңдай бастады, - дейді Пикколи.

Келесі айда елде аймақтық сайлаулар өтеді. Түркия азаматтары дағдарыс басталғалы алғаш рет өз пікірін білдірмек. Сайлау саяси мәселелерге назар аударатындықтан, бұл шараның елдегі саяси дүрбелеңге қатысты референдум рөлін атқаратын түрі бар.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG