Accessibility links

Украина БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жиынын шақырды


Украина парламентінің спикері, президент міндетін атқарушы Александр Турчинов.
Украина парламентінің спикері, президент міндетін атқарушы Александр Турчинов.
Украина парламенті - Жоғарғы Рада бүгін Қырымдағы жағдайды талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуді талап ететін қаулы қабылдады.

Жоғарғы Радада сөйлеген парламент спикері, Украина президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов БҰҰ-дан Қырымдағы жағдайға тек мониторинг жүргізіп қана қоймай, Украинаның егемендігі бұзылған жағдайда тиісті шаралар қолдануды да сұрады.

Турчинов бұған қоса Қырымдағы соңғы жағдайларды талқылау үшін Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің төтенше жиынын өткізуді ұйғарды.

Қырым автономиялық республикасында 25 ақпаннан бері Украинаның жаңа үкіметін қолдаушылар мен оған қарсылардың акциялары өтіп келеді. Кеше таңертең белгісіз қарулы адамдар Қырым үкіметі мен парламент үйін басып алып, Ресей туын тіккен. Ал сол күні кешке Қырым парламенті кезектен тыс отырысын өткізіп, автономияның жаңа премьері етіп "Орыс бірлігі" партиясының жетекшісі Сергей Аксеновті тағайындаған. Парламент бұған қоса 25 мамырда автономияның құзыретін кеңейту жөнінде референдум белгілеген.

Ал 28 ақпанға қараған түні ондаған қарулы адам Севастополь мен Симферополь әуежайларын бұғаулады.
XS
SM
MD
LG